Аманғали Бердалин Батыс Қазақстан облысының фермерлерімен кездесті
Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Батыс Қазақстан облысында болып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Кездесу барысында «Кең Дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру, жеңілдетілген лизинг пен несие беру шарттары, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі талқыланды.
Вице-министр 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына ауыл шаруашылығы үшін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгені құрайтынын айтты. Фермерлерді жылдық 5% — бен несиелендіру «Кең Дала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, ал бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың қараша айында басталды. Бағдарлама аясында БҚО бойынша 8,1 млрд. теңге сомасына 635 өтінім қаржыландырылды.
Биыл әкімдіктердің алдын ала деректері бойынша ҚР бойынша жалпы егіс алаңы 23,7 млн.га құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 416,5 мың га жоғары, оның ішінде БҚО бойынша — 612,7 мың га. қажетті 2,3 млн. тонна тұқымның 100%-ы себілді.
Егіс жұмыстарына 254 теңге/литр бағамен нарықтан 14% арзан 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.
«Мемлекет басшысының АӨК өнімін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін агротехнологияларды енгізу есебінен еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз ету қажет. Аса маңызды бағыт мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту болып табылады», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.
2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қаржыландыру басталды. 2025 жылы қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жылдық 5% — бен 48 млрд. теңге қысқа мерзімді кредиттер көзделген.
Сапар барысында вице-министр «Терра Ақжайық» шаруашылығына барды, онда 2024 жылы Австралиядан келген сарапшылардың ұсыныстары негізінде бордақылау алаңын 15 мың басқа кешенді қалпына келтіру және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Инвестициялардың жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгені құрады.
2024 жылдың қарашасынан бастап кешен бұқаларды қабылдай бастады. Қазіргі таңда мұнда 2700-ден астам ірі қара мал мен 300 жылқы бордақылауда тұр.
Сондай-ақ инвестор 2016 жылдан бері жұмыс істемей тұрған ет өңдеу кешенін іске қосып, өнімнің сапасы мен тұтынушыға ыңғайлылығын арттыратын заманауи қаптама жабдықтарына инвестиция салды.
Сапар барысында вице-министр СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуымен танысып, «Ringo-Milk» және «КТК888» сүт-тауар фермаларында болды. Мұнда 700 басқа арналған сиыр қорасының құрылысы аяқталып, жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ «Арыстанов» және «Төленгіт» шаруашылықтары араланды.
Сапар қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға мал өнімділігін арттыру үшін жем-шөп базасының сапасы мен мал азығы рационының теңгерімділігіне ерекше назар аудару, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.