АӨК-ті қолдауға жарты триллион теңгеден астам қаражат бағытталды
«Бәйтерек» холдингінің ресми сайтында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Н. С. Айдапкеновпен сұқбаты жарияланды. Мақалада маман ауыл шаруашылығын қаржыландыру туралы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды basagro.kz.
Нұрболат Серғалиұлы, 2022 жылы ауыл шаруашылығын дамыту қорытындысын қалай бағалайсыз? Жыл табысты болды ма?
Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы 9%-ға өсті. Алдында орташа өсу қарқыны 3-4% болғанын ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Геосаяси оқиғаларға және олардың салдарына қарамастан өнеркәсіп өсіп отыр.
Бұған өсімдік шаруашылығы айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өнімі 39%-ға, яғни 22,8 млн. тоннаға дейін артты, оның ішінде бидай 44%-ға, яғни 17 млн. тоннаға дейін артты. Майлы дақылдардың өнімі шамамен 17%-ға, яғни2,8 млн. тоннаға дейін, көкөністер 4%-ға, яғни 4,9 млн. тоннаға дейін артты.
Мал шаруашылығына да көрсеткіштер өсті. Ірі қара мал басы 2,5%-ға, яғни 8,4 млн.басқа, қой 2,2%-ға, яғни 19 млн. басқа, құс 3,8%-ға, яғни 49,5 млн. басқа дейін өсті.
Бұл деректерге қарасақ, ауыл шаруашылығы сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алатынын және әрі қарай даму үшін негізі мықты екенін көрсетті.
«Бәйтерек» холдингі агроөнеркәсіптік кешенге қандай қолдау көрсетті?
Холдингте «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) және «ҚазАгроҚаржы» АҚ агроөнеркәсіптік кешенге қолдау көрсетеді. Негізгі қолдау құралдары – кредит беру және лизинг.
Жыл қорытындысы бойынша АӨК-ті дамытуға 522,3 млрд. теңге бағытталды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Агросектордың даму динамикасынан асып түсетін мұндай көлемде қаржыландыру болашақта саланың дамуына қосымша серпін береді.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беру көлемінің 70 млрд. теңгеден 140 млрд. теңгеге дейін екі есе өскенін маңызды оқиғалардың бірі ретінде атап өткім келеді. Бұл ретте, 70 млрд. теңгені, яғни қаражаттың жалпы көлемінің жартысынқайтару мерзімі 2023 жылға ауыстырылды. Бұл қарыз алушының міндеттемелерін өтеу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді, сондай-ақ ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын, мысалы, күздік дақылдарды өсіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға мүмкіндік берді.
Өткен жылдың шілде айында Мемлекет басшысы кәдеге жарату алымынан түскен қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне пайдалануды тапсырды. Қажетті шешімдер жедел қабылданды, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторынан 30 млрд. теңге түсті, «Бәйтерек» холдингі қосымша 10 млрд.теңге бөлді, осылайша, тамыз айының басынан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ осы бағдарлама бойынша қаржыландыруға өтінімдер қабылдай бастады. Барлығы 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Сондай-ақ, өткен жылы АНК-ның микрокредит беру бағдарламалары арқылы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен шағын бизнесті қолдауға көп көңіл бөлінді. Бюджет қаражаты және қайтарылған қаражатты қайта инвестициялау есебінен жалпы сомасы 45,6 млрд. теңгеге 7,9 мыңға жуық микрокредит берілді.
Аталған бағыттардан басқа ағымдағы кредит беру және лизинг бағдарламаларын іске асыру жалғастырылды. Атап айтқанда, 2022 жылы кредиттік серіктестіктер желісі бойынша қаржыландыру рекордтық көлемге жетті, бұл бағытқа шамамен 156 млрд. теңге бөлінді, 2021 жылмен салыстырғанда 42%-ға артық.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ 6,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығына 172,8 млрд. теңгеге қаржы лизингі шартын жасасты, мұнда да жылдық 22%-ға өсу байқалады. Бұдан басқа, «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өткен жылы 10,9 млрд.теңгеге 234 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландырды.
Жалпы алғанда, қаржыландыруға жұмсалған барлық қаражаттың 96%-дан астамыШОБ субъектілеріне бағытталғанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Qazaqstan Investment Corporation»АҚ өткен жылы тамақ өнеркәсібіндегі 3 инвестициялық жобаны 13 млрд. теңгеге қаржыландырды.
Аграрлық секторды қолдау кредит беру мен лизингтен басқа, сақтандыру жүйесін дамыту арқылы жүзеге асырылады, ол салалық тәуекелдердің бизнеске теріс әсерін азайтуға бағытталған. Өткен жылы 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын сақтандыру шарттарын жасасты, олар бойынша АНК 718 млн. теңге сомасына сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялады.
Атап өтетіні, өткен жылы сақтандыру сыйлықақысының субсидияланатын бөлігі50%-дан 80%-ға дейін ұлғайды, сонымен қатар қарқынды өсірілетін алма бақтарын, алма өнімін сақтандыру бойынша жаңа өнімдер енгізілді.
Холдингтің ағымдағы жылға жоспары қандай?
Әрине, ең алдымен, егіс науқанын қаржымен қамтамасыз ету қажет. Біз осыған және егін жинау жұмыстарына 140 млрд. теңге бағыттамақшымыз. Бұл ретте, бюджеттік кредит бөлу бойынша өткен жылдың соңында жүргізілген дайындық жұмыстарының арқасында қарыздар қазірдің өзінде берілуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті қаражатпен барынша жылдам қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз.
Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жас кәсіпкерлерді қолдау үшін микрокредит берудің жаңа бағдарламасын іске қосуда. Осы бағдарлама бойынша АНК сенім білдірілген агент болып, өтінімдерді қабылдайды деп жоспарланып отыр. Қарыздар жылдық 2,5% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 5 жылға дейінгі, ал мал шаруашылығы бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Бұл ретте, кредит мерзімінің 1/3 дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.
Сондай-ақ, жобаларға жеңілдікпен кредит беру және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі үшін бюджеттік қаражатты тарту мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл АНК, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның меншікті және сырттан тартылған қаражатын толықтыруға және АӨК-ті дамытуды көздейтін мемлекеттік міндеттерді қажетті қаржымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біз өткен жылы микрокредит алуға және ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне өтінімдер қабылдайтын онлайн жүйені сәтті іске қостық. Биыл осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, бизнес-процестерді автоматтандырып, IT жүйелерді жетілдіретін боламыз, осылайша клиенттер цифрландырудың барлық артықшылықтарына ие бола алады.