
Ақкөл қаласында жаңа зауыт іске қосылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
“Агро Протеин” ЖШС-нің инвестициялық жобасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылып, импорттық жемдік қоспаларға тәуелділікті азайтуға, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 150 тоннадан астам шикізатты құрайды. Өндірісте негізінен ірі қара малдың, жылқылардың және өзге де жануарлардың терілері қайта өңделмек. Зауытта шығарылған протеин құсқа, балыққа, жылқыға, қойға және ірі қара малға қосымша ретінде пайдаланылады.
Бұл дәстүрлі жемнің тиімділігін 40%-ға дейін арттырып, өз кезегінде шаруашылықтардың өнімділігін көбейтеді.
Қазірдің өзінде балық өсіруші кәсіпорындарымен алғашқы келісімшарттар жасалды, сүт жеткізу саласында да алғашқы қадамдар бар.
Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, екінші желіні іске қосу жоспарланған. Бұл құрамажем мен монокорм шығаруға мүмкіндік береді.