ЖаңалықтарМақала
Тренд

Ақтөбе облысында 296,8 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Ақтөбе облысының экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін негізгі салалардың бірі әрдайым агроөнеркәсіптік кешен болып қала бермек. Өңір ауыл шаруашылығының барлық бағыттары бойынша өсім көрсетуде. Бұл көрсеткіштерге ауқымды мемлекеттік қолдау шаралары мен ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы ықпал етуде, деп хабарлайды ҚР Ауыл шарушылығы министрлігі.

Аграрлық секторды субсидиялауға 15 млрд теңге бөлінді. Қаражат мал және өсімдік шаруашылықтарына қолдау көрсетуге, пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге және инвестициялық субсидияларды қаржыландыруға бағытталды. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасына 8 млрд теңге, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеуге 4 млрд теңге қарастырылған.

Атқарылған шаралардың нәтижесінде 9 ай ішінде өңірде 296,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мәселен, өсім көрсеткіші бойынша жылқы 14%, түйе 8,5%, ірі қара мал мен қой 100%-ды көрсетіп отыр.

Ең ірі жобалардың бірі — «АЙС» ЖШС-ның сүт-тауарлық фермасын 1600 басқа дейін кеңейту. Кәсіпорын 7,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл жыл сайын қосымша 20 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде 800 басқа арналған кешен пайдалануға берілді.

Өсімдік шаруашылығында да оң нәтижелер байқалады. 426 мың гектардан 554 мың тонна өнім жиналып, өткен жылғыдан 40 мың тоннаға артық болды. «Кең дала–2» бағдарламасы аясында көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға 5,9 млрд теңге несие ұсынылды.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша өңірдің АӨК-не 60,6 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылғы деңгейден 4,4 есе жоғары. Биылғы жылы репродукторлар, суару жүйелері және қайта өңдеу объектілері сияқты бес ірі жоба іске асырылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып отыр. Атап айтқанда, 3000-нан астам жоба мақұлданып, олардың 2 883-іне 16,4 млрд теңге несие берілді.

Алдағы екі жылда облыста аграрлық секторды жаңғырту жалғасады. 2025–2027 жылдары 64,7 млрд теңге инвестицияға 50 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button