Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайдың ірі астық жәрмеңкесінде Қазақстан атынан қатысты

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 12-14 шілде аралығында Шэньян қаласында өткен Қытай халықаралық астық сауда жәрмеңкесіне (China Grain Trade Conference) қатысты, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Ұлттық оператор көрмеге келушілерге қазақстандық бидай, арпа, бұршақ және майлы дақылдардың экспорттық әлеуетін таныстырды. Қытай нарығына отандық агроөнімдерді тікелей жеткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара 2000-нан астам қатысушыны, олардың ішінде жетекші астық корпорацияларын, логистикалық компанияларды, Қытайдан және әлемнің басқа елдерінен келген ғылыми және қаржы институттарын біріктірді. Көрме-жәрмеңке алаңдарында әлеуетті қытайлық импорттаушылармен, трейдерлермен, сондай-ақ ҚХР салалық қауымдастықтарымен келіссөздер өтті.
Қытай астық жәрмеңкесі экспорттық мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен қатар агроазық-түлік индустриясының соңғы әлемдік үрдістерін көрсетеді. Атап айтқанда, ірі алаңда астық өңдеудегі инновациялық шешімдер, жаңа астық жинау техникасы, азық-түлік өндірісіне арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік жабдықтары ұсынылды.
Бейжіңдегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілдігі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығаруда дәнекер рөлін атқарып, агроэкспорттаушыларға іскерлік байланыстар орнатуға және өткізу арналары мен серіктестерді табуға жәрдемдеседі. Мұндай қолдау кәсіпорындардың Қытайда орнығуына көмектеседі және сапалы астықтың сенімді жеткізушісі ретінде Қазақстанның тұрақты имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұған дейін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өкілдігінің көмегімен қазақстандық агроөнеркәсіп орындары қытайлық серіктестерге жем-шөп ұны мен күнбағыс майын жеткізген болатын.
Қытай халықаралық астық сауда жәрмеңкесін Қытай халықаралық сауданы дамыту кеңесінің Астық комитеті және Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының Ұлттық астық сауда орталығы ұйымдастырады. Іс-шараны Қытай ауыл шаруашылығындағы халықаралық алмасу қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.