Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстан аграрлық саясатының басты басымдығы
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков аграрлық секторда тұрақты өсім байқалып отырғанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды BasAgro.kz.
2024 жылы Қазақстан 26,7 млн тонна көлемінде рекордтық астық жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Өсім басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша тіркелді: күріш – +16% (563,1 мың тонна), қарақұмық – +42% (118,1 мың тонна), майлы дақылдар – +46% (3,2 млн тонна), картоп – +40% (2,6 млн тонна).
Мал шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады: ірі қара мал – +23,4% (9,6 млн бас), ұсақ мал – +7,8% (26,2 млн бас), жылқы – +12,2% (5 млн бас), құс – +2,2% (47,7 млн бас).
Сойыс салмағындағы ет өндірісі 3%-ға артып, 409,1 мың тоннаны құрады. Құс еті өндірісі 6,2%-ға өсіп, 157,8 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 1,3 млн тоннаға дейін өсіп, 7,5%-ға ұлғайды. Жұмыртқа өндірісі 200 млн данаға көбейіп, 1,8 млрд дананы құрады.
Елдегі азық-түлік өнімдері өндірісі 5 айда 10,5%-ға артып, 1,4 трлн теңгені құрады. Ең жоғары өсім келесі өнімдер бойынша байқалды: қант (қызылшадан алынатын) – 13,7 есе (64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы – +19,1%, сары май – +12,7%, шұжық өнімдері – +11%, ұн – +6,6%.
Жалпы, 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу және азық-түлік өнімдері өндірісін 4,5 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Негізгі азық-түлік түрлері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80–100% шамасында.
Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстанда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 670-тен астам инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған. Бұл жобалардың жалпы құны – 915 млрд теңге.
Қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы қант қызылшасын қайта өңдеу көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, бұл көрсеткіш қызылша қанты өндірісін 62%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде:
• «Тараз қант зауыты» ЖШС – 60 мың тонна, инвестиция көлемі – 10,6 млрд теңге;
• «Көксу қант зауыты» ЖШС – 105 мың тонна, инвестиция көлемі – 29 млрд теңге.
Алматы облысында қуаттылығы 500 мың тонна болатын жаңа зауыт салу жөнінде «Qazaq Arab Sugar» инвесторымен келісімге қол қойылды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 307 млрд теңге. Сонымен қатар Жамбыл облысында қуаттылығы 130 мың тонна болатын қытайлық инвестордың жобасы қаралуда. Оның инвестициялық көлемі – 51 млрд теңге.
Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттік аграрлық саясаттың стратегиялық басымдығы болып қала береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірісті ұлғайту, өңдеуді дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және елдің азық-түлік егемендігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырады.