Инвесторлар Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға ниетті
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Ақкетік балық шаруашылығы» ЖШС өкілдерімен кездесіп, Маңғыстау облысында балық өсіру бойынша инвестициялық жобаларды талқылады, — деп хабарлайды basagro.kz.
«Ақкетік балық шаруашылығы» ЖШС өкілдері отандық бренд қалыптастыруды, ел нарығын жергілікті өніммен қамтуды, сонымен қатар халыққа қолжетімді бағада өнім ұсынуды жоспарлап отыр.
Бас директор Комоллодин Шахасановтың айтуынша, жоба балық өнімдерін жыл бойы қабылдауға және одан әрі сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті балықшылардан балық өнімдерін қабылдап, шокпен мұздату арқылы өнім сапасын сақтап, өңдеуге жағдай жасайды.
– Балық шикізатын өндіру және өңдеудегі негізгі мақсатымыз – балық ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы акваторияның экологиясын сақтау, балық өнімдерін өндіруге қажетті шикізат пен теңіз балығын өңдеу. Балық қорын толықтыру мақсатында компания жыл сайын балық тұқымын жасанды түрде көбейтіп, су айдындарына жіберуді жоспарлап отыр, — деді Комоллодин Шахсанов.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қолданыстағы заңнама аясында инвесторлардың барлық бастамасын қолдауға дайын екендігін атап өтті.
– Балық шаруашылығының дамуы қосымша өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біздің тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін мамандар ұсыныстарын берсе, талқылай отырып, нақты жоспар құрамыз, — деді Нұрлан Ноғаев.