Жетісулық селекционер қазақтың жаңа жылқы тұқымын шығарды
Жетісулық фермер Александр Софин селекцияның арқасында қазақ жылқысының көзі аспан түстес ақ боз аттарының жаңа типін шығарды, деп хабарлайды basagro.kz.
Оны өзі «Жетісу асылы» деп атаған. Осыдан 5-6 жыл бұрын жылқының бұл түрінен 50 бас болса, қазір шаруашылықта оның саны 200-ге жеткен.
Тынымсыз еңбегі мен зоотехниктік білімінің көмегімен көз жанары аспан түстес алғашқы ақ боз құлын фермада 4 жылдық будандастырудан кейін өмірге келді. Қазір жануардың бұл түрінің үшінші буыны өсіп жатыр. Көзінің көгілдір түсі өле-өлгенше өзгермейді дейді фермер. А.Софин Алматыдағы көрмеге қатысып қайтқан еді, сол көрмеде жас жылқыларға қызығушылық танытатындар көп болып, фермердің тайларын Жамбыл, Павлодар, Ақмола облыстарының, Шымкент қаласының жылқышылары сатып алған.
— Маған араб, ағылшын, түркімен жылқыларымен шағылыстыру туралы ұсыныстар болды, бірақ мен бас тарттым. Себебі бұл мен үшін бизнес емес, ең алдымен өмірлік қызығушылығым мен ұстанымым. Біздің қазақы тұқым таза, сондықтан оны сол бірегей күйінде сақтағым келеді. Бұл жылқылар өте төзімді, қажырлы, қарапайым, қолға оңай үйретіледі, мәдени-бұқаралық іс-шараларға тез бейімделеді, тіпті балалар да қорықпай мінеді. Оған қоса кіршіксіз аппақ жылқылар әсем де әдемі көрінеді, — дейді «Софин» шаруа қожалығының басшысы, әуесқой селекционер Александр Анатольевич.
Фермер өмірінің 20 жылын ақ боз жылқыларды өсіруге арнаған. «Жетісу асылы» жылқылары қазірдің өзінде кең танымал бола бастағанымен әзірге ол өз селекциялық еңбегінің нәтижесін патенттей алмаған. Фермердің айтуынша, бұл үшін көп қаражат қажет. Соған қарамастан ол жылқы өсіруді жалғастырып келеді:
— Әуесқой селекционер ретінде мен бұдан былай да жаңа түр өсіруді жалғастырамын, мұндай жылқылар бүкіл Жетісу аймағының символы болады. Қала күніне арналған мерекелік шеруге 20 ақ боз аттарды қатыстырсақ деген идеямыз бар. Оған дейін 20 жас қыз баланы жылқыға үйрету керек. Біз осындай флешмоб ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Көгілдір көзді жылқыларымызды аймақ туризмін ілгерілетуде пайдалансақ деген арманымыз бар, — дейді ол.
Қазір фермадағы жылқылардың жалпы саны 500-ге жеткен. Талдықорған аймағында фермердің 430 гектар жайылымы бар, бірақ маусымның ортасына қарай табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шөп күйіп кетеді, сондықтан жайлауға шығу қажеттілігі туады. Фермер қыста жем сатып алады. «Мысалы, өткен қысқы маусымда тек 10 млн. теңгеге шөп, тағы 100 тонна арпа сатып алдым. Жемді негізінен Қаратал ауданынан аламын. Соя да өсіремін. Бірақ қалай болғанда да жазғы жайлаудай болмайды», — деп сөзін түйіндеді ол.
Талдықорған орман шаруашылығы Көксу ауданынан жайылымдық жер ұсынған. Аумақтың қашықтығына байланысты бұл мәселе әлі де жан-жақты талқыланады деп жоспарланып отыр. Жалпы өткен жылы Жетісу облысында мемлекет меншігіне 128,5 мың га пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қайтарылды, оның 121,3 мың га – жайылымдық жер. Биыл тағы 220 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.
Айта кетсек, әкесінің ісін 12 жасар кенже қызы Маргарита Сафина жалғастыруға ниетті. Жас болғанына қарамастан, ол көптеген тәжірибелі шабандоздарға үлгі бола алады. Ол 6 жастан-ақ ат құлағында ойнап үйренген.
— Сүйікті жылқыма мінгенде құстай ұшқан еркіндікті сезінемін. Атқа ер-тоқым мен тізгінсіз де мініп үйрендім. Мен осындағы барлық жылқыны жақсы көремін. Солардың ішінде кейбіреулеріне ерекше жақынмын. Олардың арасында құла түсті Спирит бәрінен жүйрік, өзі сабырлы. Ал қою сұр түсті Зиппер өте мейірімді», — дейді Маргарита.
Әкесінің айтуынша, тіпті аттан құлап, басынан жарақат алғанда да қызының жылқыларға деген сүйіспеншілігі ортаймаған.
— Демалыс кезінде таңғы 9-дан атқа мініп, содан ымырт үйірілер шақта бірақ оралады, атқа отырса ас ішуді де ұмытып кетеді. Бізге жылқы бағуға көмектеседі, ең бастысы, смартфон, интернет дегендерді ұмытады, — дейді әкесі.
Маргаританың атқа мінуге деген құштарлығы мұнымен шектелмейді. Ол қазірдің өзінде жылқы тұқымдарын, олардың ерекшеліктерін, мінезі мен темпераментінің айырмашылықтарын жақсы біледі. Соның арқасында Маргарита болашақ мамандығын қазірден ойластырып қойған, алдағы уақытта генетик болғысы келетінін айтады.
«Софин» шаруа қожалығында қазір 7 адам еңбек етеді. Жылқышылардың жалақысы 100 мың теңге көлемінде, оған қоса бір маусымда туған құлынның 10%-ын береді.