Жаңалықтар
Тренд

Конституцияға енгізілетін ауқымды өзгерістер еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен жиын өтіп, онда ҚР Конституциясының жаңа редакциясы жобасы талқыланды.

Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, департамент директорлары және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.

Министр конституциялық реформа Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынғанын атап өтті. Өз сөзінде өзгерістердің алғашқы қадамы Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Парламенттің бір палаталы моделіне көшу туралы ұсынысынан басталғанына баса назар аударды.

Аталған бастаманы іске асыру аясында жұмыс тобы құрылып, кейін құрамына сарапшылар, ғылыми және қоғамдық қауымдастық өкілдерінен 130 адам енген Конституциялық комиссия жасақталды.
Жалпы алғанда, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс түсіп, пысықталып, жүйеленді.

«Бүгінде Қазақстан тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Еліміздің Ата заңы — Конституцияға мемлекет дамуының алдағы онжылдықтардағы бағытын айқындайтын ауқымды әрі тұжырымды өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Жарты жылға жуық уақытқа созылған терең талдау жұмыстары мен кең қоғамдық талқылау — бұл тек жекелеген түзетулер емес, мемлекеттік басқару жүйесін кешенді жаңарту екені нақты айқындалды.

Жаңа Конституция жобасы сарапшылардың пікірлері мен қоғам сұраныстарын ескере отырып жан-жақты талданып, пысықталуда. Соңғы шешімді Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын ерекше атап өткен жөн», — деді министр.

ҚР АШМ Аппарат басшысы Сергей Ли кеңес қатысушыларын жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерімен, оның тұжырымдамалық негіздерімен, сондай-ақ институционалдық және әлеуметтік өзгерістермен таныстырды.

Әсіресе, адам құндылықтарына бағытталған қырларына, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге, заң үстемдігі қағидатын нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге байланысты тұстарына ерекше көңіл бөлінді.

Жиын соңында қатысушылар жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны және жаңартылған Ата заңның негізгі ережелерін қолдайтындарын жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button