Жаңалықтар
Тренд

Олжас Бектенов 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы туралы: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған»

Егін жинау науқанының қорытындысы қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Жеңілдікпен қаржыландыру көлемі, лизингті қоса алғанда, рекордтық 1 трлн теңгеге жетті. Диқандар тұқымдық материалмен, арзандатылған жанар-жағармаймен және қажетті көлемдегі тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралардың және бірлескен жұмыстың арқасында мол өнім алынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, биыл дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақ және майлы дақылдар сияқты негізгі жоғары рентабелді және сұранысқа ие дақылдар бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Мәселен, 16 млн гектар алқаптан 27,1 млн тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрап отыр. 20,3 млн тонна бидай жиналды, бұл өткен жылдың деңгейінен 500 мың тоннаға артық. Әртараптандыру шеңберінде бидай егістігінің 900 мың гектарға азаюына қарамастан, өндіріс көлемі сақталып қана қоймай, ауыл шаруашылығы технологиясын қолданудың едәуір артқанын көрсетті.

Елімізде алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдарды жинау әлі де жалғасуда, ал елімізде 4,3 млн тонна майлы дақылдар өнімінің рекордтық көлемі жиналды. Сондай-ақ 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Орташа өнімділік гектарына 30 центнер деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды, бұл өткен жылғы деңгейден 42%-ға артық.

«Егіншілерімізге қажырлы әрі адал еңбектері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Көріп отырғандай, жер жағдайы мен қолайлы ауа райы ғана емес, агротехнологияларды толық сақтау да үлкен табысқа жеткізеді. Дұрыс агротехнология – жақсы егіннің кепілі. Сонда ғана біздің өнімдеріміз экспорттық нарықтарда бәсекеге қабілетті болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр ендігі негізгі міндет жиналған өнімді сақтау және тиімді бағамен өткізу екенін баса айтты. Ол үшін астықты дер кезінде кептіріп, қамбаға құйып алудың маңыздылығы атап өтілді. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары өнімді үздіксіз қабылдап, тұрақты режимде жұмыс істеуге тиіс. Сақтаудың технологиялық талаптарын үнемі бақылауда ұстау қажет.

Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өнімнің үздіксіз тасымалын ұйымдастырып, жылжымалы құрамды беру кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Фитосанитариялық қызмет астықты сақтау мен өткізудің барлық сатысында оның сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажет.

Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері жиналған өнімді тиімді өткізу, оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа шетелдік нарықтарға да экспорт көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдауы керек.

Терең өңделген өнім шығару мәселелеріне баса мән берілді. Мысал ретінде Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жүгері өңдеу, Астана қаласындағы крахмал өндірісі, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы лизин, глютен және биоэтанол шығару жобалары атап өтілді. Премьер-министр АӨК саласын кешенді дамыту үшін мұндай жобалар санын көбейту қажет екенін атап өтті.  Осыған ұқсас жобаларға инвестиция тартуға баса көңіл бөлінуі тиіс. Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн.

Жалпы азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастыру қажет. Өңір әкімдіктері тұрақтандыру қорларындағы жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп, негізгі көкөніс өнімдерін қажетті көлемде жеткізу бойынша шарттардың уақтылы жасалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов салалық министрліктер мен өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

  • Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жасалған форвардтық келісімшарттар аясында Азық-түлік корпорациясына бидайды уақтылы жеткізу бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жасақталған қор кейін еліміздің ішкі сұранысын өтеуге жұмсалады.
  • Келесі егін егу науқанына дайындықты қазірден бастау керек. Облыс әкімдіктері 2026 жылы кемінде 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыш себуді қамтамасыз етулері қажет. Өнеркәсіп министрлігі егіншілерге қажетті тыңайтқыш көлемін отандық өнім өндірушілермен алдын ала пысықтап алғаны жөн. Әкімдіктер тыңайтқыштарды жеткізу үшін уақтылы шартқа отырып, қоймаларда олардың жеткілікті қорын қамтамасыз етсін.
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірге 2026 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыруды бастап кетті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамту үшін қаржыландырудың қолда бар құралдарын тиімді және ашық пайдалануды қамтамасыз  ету тапсырылды.

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

«Қорытындылай келе, егін орағын уақтылы әрі сапалы аяқтағаны үшін диқандарымызға тағы да шынайы алғысымды айтқым келеді. Өзімізді астықпен толық қамтамасыз еттік. Халқымыз «Нан – астың атасы, ынтымақ – көптің батасы» дейді. Жақсы егіннің арқасында біз көптеген шетелдік серіктестерімізге де астық жібере аламыз. Агроөнеркәсіп саласының барлық жұмыскеріне амандық, еңбектеріне табыс тілеймін!», — деп қорытындылады сөзін Премьер-министр Олжас Бектенов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button