Жаңалықтар

Өңірге Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулы бастаған «Сиань су компаниялары» өкілдері іссапармен болды

2024 жылдың 11 қыркүйек күні Қызылорда облысына ҚР Сиань қаласындағы бас консулы Жошыхан Қыраубаев мырза бастаған қытайлық «Сиань су компаниялар тобы» өкілдерінің сапары ұйымдастырылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Іссапар аясында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен ізеттілік кездесу өткізіліп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы мен бірлескен жобаларды талқылауға ашық екендігі айтылды.
Сианьдық су компаниясы суды үнемдеудің заманауи технологияларын қолдану әдістерін, ластанған суды табиғатқа тазартып қайтару және тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету процестерін таныстырды. Әкімдік бұл жобаның өңірге өзектілігін ескере отырып, ауыз судың қолжетімділігін арттыру бойынша жаңа технологиялық әдістерді енгізуге қызығушылық танытты. Ардақ Темірханұлы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Кездесу нәтижесінде, Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қытай-Қазақстан кәсіпорындарды альянсы комитетінің тобы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.

Делегация өкілдері Тасбөгет қыстағындағы «Бас тоған» су алу құрылымының жұмысымен танысып, Сырдария өзенінен түсетін судың тазартылу процесін көрді. Бұл су алу құрылымы арқылы су үнемдеудің тиімді жолдары мен технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.

Өңір басшылығы мен қытайлық су компанияларының өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерді қарастырып, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды талқылады. Бұл іссапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, су ресурстарын басқару және тиімді пайдалану саласындағы өзара тиімді серіктестікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button