Мақала

Отандық бренд — «жасыл» ауыл

Елімізде «Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айтуға болатын объект пайда болды: бас қаламыз Астанадан 45 шақырым жерде республикадағы тұңғыш «жасыл» ауыл қалыптасты, деп хабарлайды BasAgro.kz порталы.

Айтқандай, табиғат қорғаушы, қуат сақтаушы, су үнемдеуші, өнімді арттырушы және басқа да жақсы қасиеттері бар «жасыл» технологиялар жаппай ендірілген бұл ауыл келер жылы «ЭКСПО — 2017» жаһандық көрмесінде отандық бренд ретінде шетелдік қонақтардың назарына ұсынылатын болды, деп жазады «Айқын».

Ақмола облысының Аршалы ауданын­дағы Арнасай ауылы немесе «Арнасай жа­сыл алқабы» — үлгілі-модельді ауыл құру жо­­басы. Осында «жасыл» технологияларды тиімді пайдаланудың үз­дік тәжірибелері сыналып, Қазақстандағы барлық елді мекендерге таратылуда.

Осы ауылдағы 168 отбасы өз аулаларында жылыжай және шағын фермалар ашып, тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Нә­ти­жесінде, олар тағы 110 жұмыс орнын аш­ып­ты. Арнасайда сондай-ақ «жасыл» тех­нологиялар арқасында жыл сайын 1,5 мил­­лион теңге бюджет қаржысын үнемдеп отырған білім ордасы бар: Вячеслав орта мектебінде күн панельдері орнатылған, соның арқасында білім мекемесі жылына 10 мың киловатт электр қуатын күннен тегін алады. Мұнда отандық инноватор ойлап тапқан пиролиздік пештің орнатылуы нәти­же­сін­де жыл сайын 384 000 теңге үнемделеді. Нақтырақ айтсақ, жалпы ауданы 1800 шар­шы метр болатын Вячеслав мектебін қыс мау­сы­мында жылыту үшін 368 тонна көмір бөлінеді, ал мектеп болса, жоғары өнім­ді­лікті пиролездік пеш арқасында тек 121 тонна көмір жағады. Үнем — 247 тонна.

Білім ордасында күн коллекторы орна­тыл­ған екен, ол аспандағы «алып шамшы­рақ­тың» қызуымен күніне 250 литр суды қай­натып береді. Ғимарат толығымен дер­лік жарықдиодты шамдармен жабдық­талған: әр шамнан жыл бойғы үнем 1123 киловатты немесе 15 722 теңгені құрайтын көрі­неді. Онда сондай-ақ тек қолды жақын­датса ғана су ағызатын сенсорлық шүмек-крандар орнатылған, бұл жылына 361 литр суды үнемдейді. Арнасай ауылының шағын мектебі «жасыл» технологияларды кешенді қолданғанда, бюджетке түсер ауыртпалықты азайтуға болатынын дәлелдеді.

— Егер жылу, жарық және сумен жаб­дық­тауда мектептер, әлеуметтік нысандар «жасыл» технологияларға көшсе, бұл бағ­ыт­тардағы шығындарын 50, тіпті 70 пай­ыз­ға дейін үнемдей алады. Респу­блика­дағы 7,5 мың мектептің әрқайсысы осындай ти­ім­ді­лік­ке қол жеткізсе, олар үнемделген қан­ша­ма миллиард қаржыны балаларды та­мақ­тан­дыруға, қосымша білім беру бағ­­­­­­дар­­ламаларына және басқа да қажетті шара­ларға жұмсауға мүмкіндігі болар еді, — дейді «Жасыл» экономиканы қолдау және G-­Global-ды дамыту коалициясының бас­қар­ма төрайымы Салтанат Рақымбекова.

Арнасай ауылында «Жасыл технология­лардың халықтық академиясы» орналасқан. БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының қол­дауы­мен, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фи­я­­лық саясат жөніндегі ұлттық ком­ис­сия­ның, Энергетика министрлігінің, G-Global халықаралық хатшылығының жәрдемдесуі­мен құрылған бұл білім тарату орталығында кәсіпкерлерді, фермерлерді, бюджеттік ұйым жұмысшыларын және жұмыссыздарды «жасыл» кәсіптерге және кәсіпорынның қу­ат тиімділігін арттыруға оқыту ісі ұйым­дас­тырылған. Осы мақсатта орталық база­сында күн биовегетариі, жерасты фито­диодты жылыжай, оқу аудиториясы, асхана және қонақүйлік бөлмелер орналасқан. Бір жыл уақыт ішінде 3 мың адам «жасыл» тех­но­логияларды практикалық пайдалануға үйретілген.

Көптеген инноваторлар мен «жасыл» ком­паниялар осында өздерінің өнер­та­быс­та­рын тегін сынақтан өткізуде: академия аумағында орналасқан жылыжайларда 20-ға жуық технология ендіріліп, зерттеліп, еліміз бойынша жайылуда. Олардың арасында тамшылатып суару, күн коллекторлары, күн панельдері, биогумус, гелиосорғы, пиролиз пеші, ауаны рекуперациялау, инфрақызыл жылыту, гидрогель, агроталшық, ауаны иондау, СО2 қоректендіру, тұмантудырғыш және басқалары бар.

Атап айтқанда, қарағандылық өнертап­қыш Александр Петров осында жоғары үнемділікті пиролиздік көмір пешінің мүм­кін­діктерін паш еткеннен кейін көптеген бюджеттік ұйымдардан тапсырыс алыпты.
Мұнда «ЭКСПО — 2017» көрмесінде Қа­зақ­станның «намысын қорғайтын» тех­но­ло­гиялар да бар. Мәселен, академик А.Бо­ри­сенко өзінің ауаны электр-магниттік тазалау қондырғысын патенттеген және оны Ехро — 2017 көрмесіндегі қазақстандық бас павильонда паш етуге ұлықсат ететін арнайы сертификатқа қол жеткізіпті. Ра­сын­да, жылыжайда болғанымызда, бір танап ерекше көзге түсті: өзгелерге қараған­да, ондағы өсімдіктер жапырақтары жай­қа­ла өсіп, мол өнім беріп тұр. Оның сыры ауа тазалағышпен байланысты болып шықты. Биовегетарий мамандары тазартқыш жұмыс жасайтын жерде шығымдылықтың шынын­да жоғары екендігін растады.

Орталықта «Назарбаев университетінің» технопаркі мен отандық «KunTech» ком­па­ния­сының су жылытуға арналған кон­це­н­тра­торы бар күн коллекторы өмірге жолдама алды. Бұл қондырғы күн сайын тіпті, қысқы аязда да күн жарығын пайдаланып, 500 литрдей суды 120 градус температураға де­й­ін қайната алады. Бұл құрылғы топырақ ас­тындағы температураны 22 градусқа дейін жылытып, жылыжайдағы ауыл шаруашы­лығы дақылдарының қыста да өнім беруіне ықпал етуде.

Биовегетарийде (жылыжайда) отандық мобильді биогаз қондырғысы орнатылған. Оны ақтөбелік кәсіпкер әйел серіктестік негізде ұсынған көрінеді. Бизнесмен ханым шетелдік технологияны қолданып, 5-10 сиыры бар ұсақ фермерлік шаруашылықтар­ға арналған отандық шағын биогаз қон­дырғының өндірісін жолға қойған. Ол ауыл тұрғындарының да қажетіне жарайды: қорада мал ұстайтын бірнеше отбасы бірі­гіп, пайдаланса да болады. Жұмыс істеу қа­ғи­дасы келесідей: биогаз қондырғысына бірден 2 тонна мал қиы жүктеледі, ол 2,5 тон­на сумен араластырылады. Ары қарай бұл массадан биотыңайтқыш жасалады. Сонымен бірге, 15 киловаттқа дейін электр қуа­ты өндіріледі. Бұл қуат қыс бойы био­вегетарий­ді жарықдиодтармен жарық­тандыруға жетіп қалатын көрінеді.

Халықтық академияны ұйымдастыру­шы­лар­дың бірі, Вячеслав орта мектебінің директоры Татьяна Немцан осы бағыттағы тағы бір технология туралы айтып берді.

— Ауылдың үлкен проблемаларының бірі — малдың қиы екендігін құпия емес. Қыс бойы малын қорада ұстайтын ауылдық­тар оның қиын сыртқа шығарып, үйеді де, «қоршаған ортаны ластағандары үшін» экологиялық алым, айыппұл төлеуге мәж­бүр. Оның арты дауға, наразылыққа ұласып жатады. Бұл мәселені қалай шешуге бо­лады? Ол үшін малдың қиын тіпті, шетелге экспортқа шығаратын бағалы өнімге айнал­дыру қажет — дейді Т.Немцан.

Бұл өнім — биогумус деп аталады. Оны калифорниялық құрт («Старатель») қидан, органикалық қалдықтардан жасап береді.

«Біз бұл істі ауылдықтар, ауыл әкімдері на­зар­ға алса дейміз. Басқа қоқыстар аралас­тырылмай, қи жеке жиналып, шіри бастауы үш­ін 2,5 айдай жатуы керек. Содан кейін оған осы құрттар жіберіледі. 2,5-3 ай ішінде бүкіл қи үйіндісі экологиялық таза өсімдік­тер өсіруге қажетті, аса бағалы биогумусқа айналады. Калифорниялық құрттардың өнім­­ділігі өте жоғары. Жалғыз ғана құртты жіберсе, ол бір ай ішінде өз ұрпағын 30 есе арттырады» деген Татьяна Немцан «жасыл» технологиялы бұл кәсіпкерлікпен айна­лысу­шы азаматтар табиғатты қорғауға үлес қосатынын айтады.

Сонымен бірге, бұл аса кірісті бизнес көрінеді: «Кәсіпкерлер бұдан 700 пайызға дейін таза табыс көреді. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Солтүстікқазақстандық ауыл кәсіпкері Андрей Стрелец осы био­гумус арқылы жоғары сапалы картоп өсіріп, шағын ғана алқаптан көп өнім жинауда. Сондай-ақ, ол Біріккен Араб Әмір­лік­те­рі­мен келісім жасап, оларға отан­дық био­гумусты экспорттауда. Мұндай үлгі­лер қазір Қазақстанда, атап айтқанда, Қара­ған­ды, СҚО, Алматы облыстарында же­­­тер­лік және бүкіл еліміз бойынша ай сайын көбеюде. Осынау қызықты кәсіптің елімізде, әсіресе жастар арасында танымал бола бастауы қуантады» деді Т.Немцан.

Енді, бұл іске оқушылар да ықылас-ынта білдіре бастапты. Халықтық академия­да 9-сынып оқушысы Айдос калифорниялық құрт көмегімен биогумус өндірісі бойынша жобасын жұрт назарына ұсынды. Жалпы, ол оқитын Вячеслав орта мектебінде тұтас көкөністер плантациясы отырғызылған екен.

Жылыжайда сондай-ақ қанықпаған полиэфирлік шайырлар негізіндегі гидро­гель пайдаланылуда. Биовегетарий маман­да­ры­ның түсіндіруінше, арнайы органика­лық капсулалар түрінде болып келетін гидрогель өз салмағынан 30 есе көп суды сі­ңі­реді. Осыдан кейін олар өсімдіктің тамырының қасына ендіріледі. Егер өсімдік су тапшылығын сезінсе, қажетті көлемдегі ылғалды солардан тартады.
«Жасыл» ауылдағы жылыжайларда там­шылатып суару сыртында тұман­ту­дыру­шы (туманообразователь) пайдалынады. Бұл технология ұсақдисперсті режимде судан тұман тудырып, ылғалды, қолайлы мик­роклимат түзеді, өсімдік жапырақтарын сумен қоректендіреді.

Білім тарату орталығының өзі де «жа­сыл» технологияларды ендіру арқылы ғи­марат­ты эксплуатациялау шығындарын тө­мен­деткен. Оны осында орнатылған тех­нологиялар жұмысын зерттеу және тал­дау қорытындысы көрсетіп отыр: жалпы ал­ғанда, 1,2 миллион теңге үнемделіпті. Күн коллекторы арқасында академия өзін 100% ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жыл ішінде үнемделген электр қуатының көлемі 32 мың киловатты құрады. Толықтай алғанда, ор­та­лық «энергетикалық тиімділіктің А класы­на» ие. Су және ылғал сақтаушы технология­лар су шығынын 75%-ға азайтқан екен.

Қазақстанның алғашқы «жасыл» ауылы­ның тәжірибесі бүгінде Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және басқа да өңірлерге тарауда. Елбасының қолдауы­мен және «Жасыл» экономикаға көшу жө­нін­дегі тұжырымдама аясында жасалып жат­қан бұл қадамдар нәтижесінде қазақ ауы­лы да «артта қалушылық» ұғымынан ірге ажыратып, еліміздің әлемдік озық елдер қатарына қосылуына қуатты серпін бермек. Көркейген ауылдың көркем көріністері көңілді марқайтар кезең туып келеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button