Қарағанды облысында жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы қайта жанданады
Өңірде 2026 жылы жылдық қуаттылығы 20 мың тонна құс етін өндіруге жететін «КазБройлер» ЖШС құс фабрикасын қайта жандандыру жоспарлануда. Бұл мақсатта «The Farm» ЖШС 1,8 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Құс фабрикасын қайта жандандыру – отандық құс шаруашылығын дамыту және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Жоба құс еті өндірісін айтарлықтай ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда құс етін және жұмыртқа өндіруге бағытталған 8,6 млрд теңге көлеміндегі инвестицияға 11 ірі жоба іске асырылды. Импортқа тәуелділікті одан әрі азайту мақсатында 2027 жылға дейін жалпы құны 388,8 млрд теңге болатын 31 жаңа құс фабрикасын салу жоспарлануда. Жаңа нысандардың жалпы қуаттылығы жылына 365 мың тонна құс етін құрайды. Бұл Қазақстанның құс шаруашылығы нарығындағы позициясын едәуір нығайтып, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.