ЖаңалықтарМақала
Тренд

Қазақстан 8 жылдың ішінде алғаш рет Вьетнамға 15 мың тоннадан астам бидай экспорттады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Бинмен кездесті.

Келіссөз барысында 30 жылдан аса уақыт ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасында саяси диалог дәйекті түрде дамып, үкіметаралық және парламентаралық өзара іс-қимыл нығайып келе жатқаны атап өтілді.

Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел көшбасшылары ең алдымен сауда, инвестиция, көлік және логистика, АӨК және ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің нақты бағытын белгіледі. Қазақстан 2026 жылы өзара тауар айналымын екі есе арттыруға ниетті. Осы жылдың ортасында Вьетнамға сауда-экономикалық миссия жіберуге дайын.

Қазақстан сегіз жылда алғаш рет Вьетнамға 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны атап өтілді. 2025 жылы контейнерлерді шамадан тыс жүктемей, мультимодальды логистиканы пайдалана отырып, қазақстандық астықтың алғашқы тікелей аралас жеткізілімі іске асырылды. Бұл жеткізу мерзімі мен шығынды азайтты. Аталған тәжірибе Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азия елдеріне азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретіндегі маңызды қадамы ретінде қарастырылуда.

Экспорттық әлеуетті ұн, ет, сүт өнімі, сондай-ақ майлы дақыл есебінен арттыруға болады. Осыған байланысты қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жандандырып, оған ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысы кезінде қол қоюды ұсынды.

Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жаңаша даму үстінде. Қазақстанда Вьетнам капиталының қатысуымен бірқатар жоба, соның ішінде Алматы облысында Ak Bulak Village туристік кешені мен Қонаев қаласының «Арна» индустриялық аймағында инвестиция көлемі $90 млн болатын азық-түлік өндіру зауытының құрылысы іске қосылуда.

Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның шешуші рөлін атап өтіп, оның кезекті отырысын биылғы маусым-шілдеде өткізуді қарастырмақ. Сондай-ақ биыл Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылады.

Кездесу қорытындысында вьетнамдық тарап Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесінің құрылуын қолдады. Бұл үшін өзара сауда көлемін одан әрі арттыруда елеулі әлеует бар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button