Қазақстан бидай тұқымын шетелден тасымалдауды азайтады — министр
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бидайдың отандық сұрыптарына қатысты түсінік берді, деп жазады BasAgro.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап
Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрге бидайдың жаңа сұрыптарын өндіру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.
«Бидай бойынша тұқыммен өзімізді 60 пайызға қамтамасыз етіп отырмыз. Ал 40 пайызын шетелден жеткізіп жатырмыз. Бұл тұрғыда осы көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарын белгіледік», — деді А. Сапаров.
Бұл тұрғыда ол елімізде біраз жаңа бидай сұрыптарын өндіру керек екенін айтты.
«Былтыр 40 сорт шығырылып, соның 20-сы ғана сынақтан өткен. Ал қалған 20-сы бірінші деңгейдегі сынақпен қамтылды. Ары қарай шарушылықтарға жеткізгеннен кейін оның өнімділігін көреміз. Өнімі жақсы болса, сұраныс көбейсе, жаңа сұрыптарды ары қарай өндіре бастаймыз», — деді министр.
Бүгін сондай-ақ Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов аграрлық ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатқанын сынға алған еді.