Қазақстан мен Финляндия: агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған қазақстандық делегация Финляндия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына облыс әкімдерінің орынбасарлары, аграрлық бизнес өкілдері және экспортқа бағытталған отандық компаниялар енді.
Жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығындағы машина жасау салаларында қызмет ететін жетекші фин компанияларымен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Келіссөздер EastCham Finland ұйымының басшылығымен, сондай-ақ Agronic Oy, Pel-Tuote Oy, Sampo-Rosenlew Oy, Suokone Oy компаниялары және Finnish Cereal Committee өкілдерінің қатысуымен өтті.
Кездесулер барысында Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғырту, табиғи ресурстарды тиімді әрі тұрақты басқару, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан орнықты шешімдерді енгізу бағыттарында Финляндияны сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратыны атап өтілді. Финляндияның агротехнологиялар саласындағы тәжірибесі мен инновациялық тәсілдері қазақстандық аграрлық сектордың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқара алады.
«Қазақстан фин компанияларымен нақты жобалар негізіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Бұл — заманауи технологияларды енгізу, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жергіліктендіру бағыттарын қамтиды. Мемлекеттік саясат экспорт бағыттарын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізу географиясын кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда Балтық бағыты Скандинавия және Солтүстік Еуропа нарықтарына шығу үшін маңызды әрі перспективалы бағыт болып табылады», — деп атап өтті вице-министр.
Тараптар ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің тұрақты хатшысы Pekka Pesonen-мен өткен кездесуде екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттары қаралды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері саудасын дамыту, технологиялар алмасу, сондай-ақ тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы әріптестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстан-фин жұмыс тобының кезекті отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Сонымен қатар Valtra компаниясының басшылығымен ауыл шаруашылығы тракторлары өндірісін Қазақстан аумағында жергіліктендіру мүмкіндіктері талқыланды. Ермек Кенжеханұлы Министрлік тарапынан бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жалпы алғанда, қазақстандық делегацияның Финляндияға жұмыс сапары агроөнеркәсіп кешені саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар инвестициялық серіктестікті кеңейтуге, озық технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы техникасының жергілікті өндірісін дамытуға берік негіз қалыптастырады. Бұл өз кезегінде отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.



