Қазақстан мен Франция ветеринарлық ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азия өңірінде эпидемиологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК бас директоры Темірхан Елшібаев Францияның азық-түлік, қоршаған орта және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттігімен (ANSES) онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Бұл кездесу Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы делегаттарының 92-ші Бас ассамблеясының аясында басталған диалогтың қисынды жалғасы болды.
Кездесуде талқыланған басты мәселе – құтыру вирусына қарсы антидене титрін анықтау саласындағы зертхана құзыреттерін Еуропалық Одақ тарапынан мойындау болды. Бұл қадам Қазақстан үшін стратегиялық маңызды болып табылады және жануарларды халықаралық тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықаралық ветеринариялық стандарттарға сәйкестікке бағытталған.
Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, зертханалық диагностика бойынша заманауи әдістемелерді енгізу, қазақстандық мамандардың вирусология және серология саласындағы біліктілігін арттыру және оқыту мәселелерін талқылады.
Онлайн-кездесу РВЗ-ның халықаралық деңгейде мойындалуына және Қазақстанның ветеринарлық ғылым, биологиялық қауіпсіздік және трансшекаралық инфекцияларға қарсы күрес саласындағы сенімді серіктес ретіндегі ұстанымдарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.