Қазақстан Сенаты Түркиямен карантин және өсімдіктерді қорғау туралы келісімді ратификациялады
Сенат РК ратифицировал Соглашение между правительствами Казахстана и Турции о сотрудничестве в области карантина и защиты растений.
Фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және карантиндік зиянды организмдердің әкелінуінің алдын алу мақсатында жасалған бұл құжат өсімдіктер карантині бойынша ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты, өсімдіктер карантині саласындағы жаңа нормативтік-құқықтық актілер мен карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізімдері туралы ақпарат алмасуды қарастырады.
Сондай-ақ, келісімде карантиндік өнімдердің әкелінетін партияларына қойылатын талаптар, оларды алып жүретін құжаттар және тасымалданатын жүктердің транзиттік шарттары көрсетілген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, Түркиядан негізінен жаңғақтар, қызанақ, бұрыш жемістері, алма, цитрусты өсімдіктердің көшеттері, жеміс және гүл дақылдары әкелінеді. Ал Қазақстаннан экспортталатын негізгі карантиндік өнімдер – барлық дерлік дәнді (бидай, арпа, сұлы, күнбағыс) және бұршақты (асбұршақ, жасымық, ноқат) дақылдар.
Соңғы үш жылда Түркияға шамамен 700 мың тонна өсімдік шаруашылығы өнімі экспортталды, ал импорт көлемі 40 мың тоннадан астам әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары мен 2,7 миллион дана отырғызу және тұқымдық материалды құрады.
«Осы кезеңде фитосанитарлық талаптарға сай келмейтін өнімдерді әкелуге 76 рет әрекет жасалды, олардың 6 жағдайында карантиндік объектілер анықталды. Карантиндік өнімдердің тасымалының артуына байланысты карантиндік объектілердің біздің елдеріміздің аумағына ену қаупі бар, бұл фитосанитарлық жағдайға кері әсер етуі мүмкін», – деп атап өтті вице-министр.
Келісімді ратификациялау туралы заң жобасының қабылдануы екі елдің өсімдіктер карантині саласындағы қызметтеріне ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.