Жаңалықтар
Trending

Қазақстанда ірі мал бордақылау алаңдарын шоғырландыру арқылы агроиндустриялық кластер құру жобасы іске асырылуда

Түркістан облысының Сауран ауданында ірі мал бордақылау алаңдары шоғырланған агроиндустриялық кластер құруға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Жобаның басты ерекшелігі – 185 гектар аумақта 292 бордақылау алаңын шоғырландыру. Бұл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды оңтайландыруға және өндірісті орталықтандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда, Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде 20 гектар жеріне 30 мал бордақылау алаңы салынуда, оның 25-інде құрылыс жұмыстары басталған. Бұл нысандарда жалпы 15 мың бас мүйізді ірі қара малды бордақылау көзделген.

Жоба аясында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің толық өндірістік циклін құру көзделген. Осы мақсатта 1,5 гектар жер телімі бөлініп, онда заманауи сою пункті салынады. Бұл ет өнімдерін алғашқы өңдеу, сақтау және тасымалдау бойынша жоғары талаптарға сай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Қаражаттың негізгі бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына, инженерлік коммуникацияларды тартуға және жем-шөп базасын қалыптастыруға бағытталады.

Жобаның басты артықшылықтары – бордақылау шаруашылықтарын шоғырландыру арқылы өндірістік процестерді оңтайландыру, логистика мен басқаруды жеңілдету, сондай-ақ ветеринарлық және санитарлық бақылауды орталықтандыру.

Жобаны іске асыру өңірде етті мал шаруашылығын дамытуды жеделдетіп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button