Қазақстандық фуралар Қытай шекарасы арқылы кезектен тыс өтеді
Қытаймен шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының екі апталық жұмысының нәтижесінде «Нұр Жолы» өткізу пунктінде электрон кезек жүйесінің жұмыс істегенінен кейін бизнесте туындаған бірқатар проблема шешілді, деп хабарлайды basagro.kz.
ҚР ҚМ МКК, «Атамекен» ҰКП, ҰҚК Шекара қызметі, Бас көлік прокуратурасының басшылығымен көлік инспекциясының өкілдері қабылдаған шешім бойынша Қазақстаннан Қытайға экспортқа ресімделген тауармен 62 көлікті кезектен тыс өткізуге старт берілді. Атап айтқанда, зығыр және мақсары тұқымдары, бидай кебегі, мақсары майы, қазақстандық өндірушілердің кондитерлік өнімдері және т. б.
Айта кетейік, біз бұған дейін мақсарыны экспорттай алмай отырған кәсіпкерлік туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ, ҚХР-ға кезектен тыс жүзден астам бос көлік құралын өткізу туралы шешім қабылданды. Олар кейіннен ҚР-ға мемлекеттік маңызы бар инвестициялық жобалар мен міндеттерді іске асыру үшін қажетті жабдықтар мен материалдарды әкеледі.
Бұл ретте, осы көліктердің тізімі «Атамекен» ҰКП өкілдері экспорттаушылар, көлік компаниялары және кеден өкілдерінің (брокерлер) мүддесіне өкілдік ететін кәсіпкерлер қауымдастығымен жүргізілген түсіндіру жұмысының нәтижесінде жасалды.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда экспорт көлемі үлкен емес. Сондықтан жүк шекарада көп тұрып қалмауы керек. Оның үстіне салыстыру нәтижесі көптеген тасымалдаушы мен жүргізушілер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға дайын емес екенін көрсетті. Іс жүзінде біз барлық қажетті құжаты бар 62 жүк көлігін ғана анықтадық. Осы көліктер ҚХР-ға кезектен тыс барады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Сондай-ақ, спикер кейіннен тауарлардың осы санаттары «CarGoRuqsat» электрон кезек жүйесінде тіркеуге сәйкестендірілетінін, жүйеде жақын арада бұл үшін қажетті слоттар (қойынды) пайда болатынын атап өтті.
Электрон кезектің жаңа жүйесінің осы бөлігін пысықтау қажеттілігі «Нұр Жолы» өткізу пункті маңындағы Нұркент қаласында өткен ведомствоаралық жұмыс тобының кәсіпкерлермен өткен кездесуінде талқыланды.
Еске салсақ, «E-border» ескі электрон кезек жүйесін жаңа «CarGoRuqsat» жүйесіне ауыстырудың салдарынан Қазақстан — Қытай шекарасында көліктер жиналып қалды. ҚР премьер-министрінің тапсырмасы шеңберінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғаннан кейін Қазақстан тарапынан шекарадағы кезек 4 есе қысқарды.
Сонымен қатар, «E-border» тізімі бойынша жиналған кезекті түсіру мақсатында 28 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін «E-border» кезек тізімінде тұрған барлық көліктің Қытайға шығуы үшін өткізу пунктіне келуі қажет.
Қазір меморгандар күн сайын Қытайға шығу үшін «E-border» кезегінен тізімді жариялайды, бірақ барлық рұқсат беру құжаты дайын болған жағдайда – машиналардың (осы кезектен) жарияланатын тізімдерден тыс шекара арқылы өтуіне жол беріледі. Көрсетілген мерзімге дейін келмеген автомашиналар 16 сәуірден бастап «E-border» тізімі бойынша кезектен шығарылатын болады.
Cargoruqsat кезегі бойынша автокөлік өткізу пунктіне брондауда белгіленген күн мен уақытта келуі қажет. 16 сәуірден бастап CarGoRuqsat-та брондау саны 300-ге дейін ұлғайтылады, «E-border» кезегі бойынша тізім таусылғаннан кейін бос брондарды одан әрі ұлғайту жоспарланған.