ҚР АШМ мен БҰҰДБ агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту саласында серіктестікті нығайтуда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.
Айдарбек Сапаров министрлік пен БҰҰДБ арасында Елдік бағдарлама аясында сындарлы әрі жүйелі серіктестік жолға қойылғанын атап өтті.
«Елдік бағдарламаның басымдықтарын айқындау кезінде ұлттық стратегиялық бағдарлар мен тұрақты даму міндеттерінің ескерілуі біз үшін маңызды. Біз бұл құжатты серіктестікті нығайтудың және экономикалық өсім, экологиялық тепе-теңдік әрі елдің әлеуметтік дамуына ықпал ететін бағыттар бойынша бірлескен күш-жігерді шоғырландырудың тиімді құралы ретінде қарастырамыз», – деді министр.
Өз кезегінде Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ алдағы уақытта да ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен өнімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударатынын атап өтті.
Одан әрі: «Қазақстан аграрлық секторды стратегиялық тұрғыдан дамытуда. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктері жердің өнімділігін сақтауға және саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етуі маңызды», – деді.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰДБ бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, БҰҰДБ Солтүстік Қазақстан экожүйелерін сақтау және ауыл шаруашылығы өндірісі жүйесін ілгерілету жобасын іске асыруда. Жоба аясында отандық АӨК-ті әртараптандыруға қолдау көрсетіліп, бұршақ тұқымдас дақылдар мен көпжылдық шөптердің тұқым шаруашылығын дамыту үшін Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығын заманауи техникамен жарақтандыруға жәрдем көрсетілуде.
Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп бұршақ тұқымдас дақылдарды (жасымық) ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу тетігін іске асыру жалғасуда.
Министр сондай-ақ Қазақстанның Каспий теңізі бөлігінде және оған іргелес аумақтарда теңіз және жағалау ресурстарын кешенді басқару жобасының маңыздылығына тоқталды. Бұл жоба табиғи ресурстарды басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға, биоалуантүрлілікті сақтауға және жағалау аумақтарын дамытуға бағытталған.
Кездесу соңында Айдарбек Сапаров дәйекті қолдау мен серіктестік үшін алғыс білдіріп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелері оларды одан әрі институционалдандыруға және өңірлерде табысты тәжірибелерді кеңінен енгізуге негіз болуы тиіс екенін айтты. Бұл өз кезегінде ұлттық деңгейдегі даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етпек.



