
Қытай Халық Республикасының делегациясы жұмыс сапарымен Алматы облысына келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетімен жан-жақты танысты. Сапар барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен аясында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың басты мақсаты – аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, заманауи агротехнологиялар бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және инвестициялық бағыттардағы әріптестікті нығайту.
Қытай делегациясының құрамына агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік басқару, технологиялар трансферті және инвестиция тарту бағыттарында шешім қабылдайтын жауапты өкілдер енді.
Іссапар аясында қонақтар «Қайнар» жеміс-көкөніс шаруашылығы жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің өңірлік филиалында болды. Қытай тарапы институттың ғылыми әлеуетіне, селекциялық жұмыстарға және өндіріс процесіне озық технологияларды енгізуге бағытталған тәжірибелік базасына ерекше қызығушылық білдірді.
Аталған сапар Алматы облысын ауыл шаруашылығының тек шикізат өндірумен шектелмей, ғылыми негізделген, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған заманауи аграрлық кластер қалыптастыру жолына түскенін айқын көрсетті.
Мемлекеттік органдар өкілдерімен өткен кездесулер барысында ғылыми зерттеулер, тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды. Тараптар өзара серіктестікті одан әрі тереңдетуге және нақты инвестициялық бастамалар бойынша келіссөздерді жалғастыруға ниет білдірді.



