ЖаңалықтарМақала
Тренд

Республика күні қарсаңында АШМ жүйесіндегі 30-дан астам қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Республика күні мен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Министр Айдарбек Сапаров бұл күннің бүкіл халық үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, оның тарихи және рухани мәніне тоқталды.

«1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бағытталған алғашқы қадамы әрі мемлекетіміздің қалыптасуының символы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні мерекесінің мәртебесі қайта қалпына келтіріліп, 2022 жылдан бастап 25 қазан ұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Осы жылдар ішінде сіздермен бірге Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып келеміз», – деді министр.

Айдарбек Сапаров еліміздің орнықты дамуына агроөнеркәсіптік кешеннің қосып отырған зор үлесін де атап өтті.

«Мемлекеттік қолдау мен сіздердің жанқияр еңбектеріңіздің арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылдағы өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Біздің барлық жетістіктеріміз – сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің және кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесі. Президент Жарлығымен Министрлік пен оған қарасты ұйымдардың 31 қызметкері саланың дамуына қосқан елеулі үлесі, адал еңбегі және кәсіби жетістіктері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл марапаттар – әрқайсыңыздың жеке еңбектеріңізге берілген баға ғана емес, сондай-ақ бүкіл аграрлық саланың ортақ жетістіктерін мойындау», – деп атап өтті министр.

Он қызметкер «Құрмет» орденімен, жиырма қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Марапатталғандар қатарында «Астық қоймалары» ЖШС («Нан базасы №2») слесарі Сергей Мацияускас, «Ақ Бидай-Терминал» АҚ лаборанты Әсел Сәрсекұл, ҚР АӨК МЖӘ орталығы құрамындағы «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ Орталық карантиндік зертханасының бас энтомологы, сондай-ақ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты «Республикалық қарсыэпизоотиялық отряд» РМҚК-ның бас маман-ветеринар дәрігері Сүлеймен Махин және басқа да үздік мамандар бар.

Мемлекеттік қызмет табалдырығын алғаш аттаған 5 қызметкердің салтанатты жағдайда ант қабылдау рәсімі өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button