
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдардағы ірі жобалардың бірі – сүтті мал шаруашылығы кешенін іске асыру аяқталуға жақын. Жобаның құны – 8 млрд теңге.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен «СК-Агро» ЖШС 3600 сауынды сиырға арналған заманауи сүт-тауарлы ферма салды. Жаңа кешен Советтік ауылында орналасқан және жақын арада бірінші кезеңде пайдалануға беріледі. Толық қуатына шыққанда ферма жылына 39 мың тоннаға дейін сүт өндіретін болады.
Алдағы уақытта шаруашылық ірі қара мал санын 12 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл нысанды өңірдегі ғана емес, еліміздегі ең ірі жобалардың біріне айналдырмақ.
Қазіргі таңда 850 сиырға арналған қоралардың 90%-ы дайын. Құрал-жабдықтар орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге немістің Westfalia компаниясының 100 орындық айналмалы сауу қондырғысы қойылатын сауу-мал блогы салынуда.
Ферманың жалпы аумағы – 62 гектар.
Жобаны іске қосу үшін Эстония мен Украинадан голштино-фриз тұқымды 390 жоғары өнімді сиыр сатып алынды. Оның алғашқы 200 басы қазан айында жеткізіледі.
Жем-шөп базасы да дайындалған. Шаруашылықтың қарауында 30 мың гектардан астам егістік бар, оның 3 мың гектары мал азығына бөлінген. Биыл мол өнімді жүгері жиналып, ол қыстық негізгі азыққа айналмақ.
Фермада өндірілген сүт өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарына, сондай-ақ Ақмола облысы мен Астана қаласындағы әлеуетті сатып алушыларға жеткізіледі. Қайта өңдеушілермен келіссөздер жүргізілуде.