Жаңалықтар

Сырдария ауданына жұмыс сапары: Нұрлыбек Нәлібаев «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» республикалық семинарына қатысты

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинарға қатысты. Іс-шараға республикалық ардагерлер ұйымының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко шақырылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Облыс әкімі өз баяндамасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтіп, семинарда озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланатынына сенім білдірді. Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойғаннан бері аймақтарда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, аймақта әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. Соңғы екі жылда облыс бюджеті 364 млрд. теңгеден 733 млрд. теңгеге дейін артты. Әкімдік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 127 млрд. 500 млн. теңге тартты, оның ішінде 25 млрд. 100 млн. теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінді. Жеке кәсіпкерлікті қолдауға барлық қаржы көзінен 34 млрд. 500 млн. теңге қарастырылған. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылуда. Ауыл шаруашылығы саласына соңғы екі жылда 20 млрд. 300 млн. теңгеден астам инвестиция тартылды.

Елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалды. Соңғы бес жылда облыста 31 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асырылды. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.

Жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттардың үлесі де елеулі болды. Өңірде демеушілікпен 45 млрд. 200 млн. теңгенің жобалары жүзеге асырылды. «Най-Мир» кәсіпорны «Анаға тағзым» орталығын, «Абзал және К» кәсіпорны «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруашылығы ауылды абаттандыру жобасын, «Жаңажол» шаруашылығы орталық алаңды абаттандыруды, «Абай-Дәулет» шаруашылығы «Бесарық» ауылын көркейтуді демеушілікпен жүзеге асырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде аграрлық саланың негізгі мәселелері мен жоспарлары туралы баяндады. Ол ауыл шаруашылығындағы заманауи технологияларды енгізу және инновацияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыру қажеттігін атап өтті.

Семинарда республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов және Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгелдин өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне ведомстволық наградалар табысталды. Бұл марапаттар ауыл шаруашылығындағы жоғары нәтижелер мен еңбекке берілген құрметтің көрінісі болып табылады.

Семинар ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді талқылау, тәжірибе алмасу және саланы дамытуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдау алаңы ретінде қызмет етті. Іс-шара барысында қатысушылар ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа мүмкіндіктер мен келешекті жобалар туралы пікір алмасты. Бұл шара ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға үлкен үлес қосады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button