Топырақтану, агрохимия және топырақ экологиясы саласындағы өзекті мәселелер Алматыда талқыланады

2024 жылғы 27–29 тамыз күндері Алматы қаласында У.У. Успанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының 80 жылдығына орай «Климаттың өзгеруі жағдайында топырақ ресурстарын тұрақты басқару» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Аталған шара – тұрақты жер пайдалануы, топырақты сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту бағыттарында білім мен озық тәжірибе алмасуға арналған маңызды ғылыми алаң болмақ.
Конференцияға Қазақстаннан, ТМД елдерінен және алыс шетелден, соның ішінде Қытай, АҚШ, Германия, Польша, Чехия, Венгрия және басқа да мемлекеттерден 200-ден астам сарапшы қатысады. Қатысушылар қатарында салалық министрліктердің өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, аграрлық жоғары оқу орындары, халықаралық ұйымдар мен агроөнеркәсіптік компаниялар бар.
Пленарлық және секциялық отырыстар аясында климаттың өзгеруі жағдайында топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану, тұрақты ауыл шаруашылығы және топырақтанудағы цифрлық технологиялар мәселелері қамтылатын кең ауқымды тақырыптар талқыланады.
Конференция қорытындысы бойынша ISBN берілетін ғылыми мақалалар жинағы жарық көріп, тұрақты топырақ басқару мәселелері бойынша қорытынды қарар қабылданады.
Айта кетейік, У.У. Успанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты – Қазақстандағы топырақтану, агрохимия және мелиорация саласындағы жетекші ғылыми орталық. 80 жыл ішінде институт Қазақстан аграрлық ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ел аумағындағы топырақ жамылғысы жан-жақты зерттеліп, топырақты мелиорациялау, сақтау және құнарлылығын арттыру бойынша ғылыми негіздер әзірленді, аймақтардың топырақтық, экологиялық және агрохимиялық карталары жасалды, жер мониторингі мен бүлінген аумақтарды қалпына келтірудің инновациялық әдістері енгізілді.