Жаңалықтар
Түркістан: Мақтааралда биыл тәулігіне 600 тонна мақта өңдейтін зауыт іске қосылады
Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер әуелі Азаттық ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысымен танысты. Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
Жаңажол және Азаттық елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Жалпы 2023 жылға аудандық бюджеттен 95 млн. теңге бөлініп, 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
БАҚ өкілдері кейін Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Қазақ ССР-нің 40 жылдығы ауылында болып, жаңадан салынып жатқан мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылысымен танысты. 2023 жылдың шілде айында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында зауыт-фабрикалар ашу бойынша облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына және көршілес Өзбекстан Республикасына барып келген болатын. Мақтааралдық жеке кәсіпкер Қабыл Боев жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауыт құрылысын бастаған. “Cotton-Мақта” ЖШС-ң өндіріс орны биыл іске қосылмақ. Зауыттың жылдық қуаттылығы — 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Мұнан соң журналистер Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында орналасқан 200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы ауданда 2018-2023 жылдар аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен жаңадан тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Кейін журналистер Иіржар ауылдық округі Азамат ауылындағы «Нұрмағанбет» шаруа қожалығына барды. Биыл қожалықтың иесі 7,5 гектар жерге мақта егіп, бүгінде өнім жинап жатыр. Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 36 мың гектардан аса жерге мақта еккен. Қазігі таңда диқандар мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Қазіргі таңда мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылуда. Бүгінде 3 мыңнан аса егістік алқаптан 7,7 мың тонна мақта жиналды.
Сонымен қатар, журналистер аудан орталығы Мырзакент кентінде пайдалануға берілген екі қабаттан тұратын спорт сарайын аралап шықты. Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта екі үлкен спорт залы, жаттығу залы мен сабақ өтуге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, спорт залда гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.