
«Мақтаарал АгроӨнеркәсіп кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсімдік майын өндіретін зауытты іске қосты. Кәсіпорын Түркияның HAS MAKINA YDK. PARC. MET. SAN. TIC. LTD. STI. компаниясының заманауи технологиялық желісімен жабдықталған. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, дайын өнім — өсімдік майын өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 4,3 гектар, оның ішінде 2 686 шаршы метр май өндіретін зауыттың өндірістік ғимаратына тиесілі.
Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 100-ден 150 тоннаға дейін майлы дақыл тұқымын өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаның құны 1 миллиард теңге.
Бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу саласын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыруға, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашады.



