Жаңалықтар

Түркістан облысында мақта өнімділігі агротехнологиялар арқылы 28 ц/га-ға дейін артты

Өңірде заманауи агротехнологиялар мен жаңа, жоғары өнімді сорттарды енгізудің нәтижесінде мақта өнімділігінің тұрақты өсуі жалғасуда. Егер 1998 жылы орташа өнімділік 15 центнер/гектарды құраса, 2020–2024 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 25,9–28,3 центнер/гектарға дейін өсті.

Ілгерілеудің негізгі факторларының бірі – тұқымдық материал сапасының жақсаруы. Бүгінде Қазақстанда мақтаның 13 отандық сорты бар, оның сегізі өндірісте сәтті қолданылып келеді. Биыл өңірдегі егістік алқаптардың 55–60%-ында осы отандық сорттар пайдаланылатын болады деп күтілуде.

Мақташыларды жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етуде «Мақташылық және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жетекші рөл атқарады. 2026 жылы кәсіпорын «Мақтаарал-4011» және «Мақтаарал-5027» сорттарының 150 тонна түпнұсқа және элиталық тұқымын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл көлем 2027 жылы 227 тоннаға, ал 2028 жылы 240 тоннаға дейін ұлғайтылмақ.

Биыл халықаралық стандарттарға сай талшық беретін үш жаңа мақта сорты тіркеуге ұсынылды. 315 гектар жер телімінде станция жыл сайын түпнұсқа және элиталық тұқым өндіреді, ғылыми зерттеулер жүргізеді және жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген жаңа сорттарды шығарумен айналысады.

Әсіресе, өсу кезеңі қысқа (117–120 күн), сортаң топыраққа төзімді және дәстүрлі өсіру технологиясында 40–45 ц/га дейін өнім бере алатын сорттарды шығаруға ерекше көңіл бөлінуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button