Жаңалықтар

Жыл басынан бері Қазақстан Германияға 23,5 млн долларға тауар жөнелтті

9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 94 млн долларды құрады. Қазақстаннан Германияға экспорт көлемі 23,5 млн долларды, Германиядан Қазақстанға импорт көлемі 70,3 млн долларға жетті, деп хабарлайды Басагро АШМ-ға сілтеме жасай отырып.

Екі елдің қарым-қатынастарын нығайту үшін 2023 жылдың 15-17 қарашасында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Берлинге іссапармен барды. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек ГФР Ауыл шаруашылығы және азық-түлік федералдық министрі жанындағы статс-хатшы доктор О.Никпен кездесті.

Кездесуде вице-министр Қазақстан мен Германия ынтымақтастығының басым бағыттары – тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, цифрлық егіншілік және ауыл шаруашылығы инновациялары екенін атап өтті. Мысалы, өткен жылы Қазақстан PETKUS Technologie GmbH компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ол отандық фермерлерге селекциялық және тұқым өсіру техникасын жеңілдікпен алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, тұқым шаруашылығындағы заманауи технологиялар бойынша қазақстандық мамандарға консультациялық қолдау көрсету және бірлескен оқыту семинарларын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға Солтүстік Қазақстан облысында КЛААС компаниясының зауытын іске қосу үлкен серпін берді. Жақын арада зауыт жанынан колледж студенттері мен жас мамандарды дуальді оқыту қағидаты бойынша КЛААС техникаларын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге оқыту үшін құзыреттілік орталығын ашу жоспарланған. Әбілхайыр Тамабек қазірдің өзінде көптеген герман компаниялары Қазақстандағы өз оқу орталықтары арқылы кәсіби-техникалық кадрларды оқытуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

 ««Аграрлық-саяси диалог» (AСД), «Неміс аграрлық орталығы» және «Қазақстанның сүт өндіру саласындағы құзыреттілікті арттыру» сияқты екіжақты кооперациялық жобалар аясындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде іске асырылып келе жатқанын атап өткім келеді. Жұмыс істеп тұрған орталықтар мен жобалардың қызметін екі тарап та оң бағалайды және АӨК саласындағы қазақстан-герман ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосады», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазақстандық делегация 2024 жылдың 19-28 қаңтарында Берлинде өтетін 88-ші ауыл шаруашылығы халықаралық «Жасыл апта 2023» көрмесіне қатысады.

Қазақстан мен Германия өкілдерінің кездесу қорытындысы бойынша ГФР Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында «Германия-Қазақстан аграрлық-саяси диалогы» екіжақты кооперациялық жобасы аясында ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сонымен қатар, Әбілхайыр Тамабек Германия Агробизнес Альянсының директоры доктор Пэр Бродерзенмен келіссөз жүргізді. Тараптар тұқым мен тыңайтқыш өндірісіне қатысты мәселелерді талқылады. Кездесу соңында Альянспен меморандумға қол қойылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button