Мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық перспективалары Қазақстан мен Болгария арасындағы кездесуде талқыланды
Жануарлар денсаулығы бойынша дүниежүзілік ұйымының 92-ші Бас ассамблеясы аясында Қазақстан Республикасы өкілдері Болгарияның Ұлттық ветеринариялық қызметінің басшысы Илия Костовпен жұмыс кездесуі өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар ветеринария және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Әсіресе, Еуропалық Одақ елдерінен асыл тұқымды сүтті ірі қара малын импорттауды көздейтін Қазақстандағы өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын дамыту бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ауырған жануарлардың тіркелуіне байланысты аусыл мен блютанг індеттеріне қатысты қолданыстағы эпизоотиялық жағдайды, сондай-ақ бірқатар карантиндік алаңдардың, соның ішінде Венгриядағы екі нысанның жабылуын ескере отырып, тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін жаңа логистикалық шешімдерді іздеу қажеттігі туындады.
Қазақстан тарапы Болгария аумағында ЕО мен ҚР ветеринариялық талаптарына сай келетін аттестатталған карантиндік алаң ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар, асыл тұқымды ірі қара малды теңіз арқылы жеткізу мақсатында Болгарияның теңіз портына сертификат беру мәселесі талқыланды. Бұл бастаманы жүзеге асыру экспорттық бағыттарды кеңейтіп, жануарларды импорттау кезінде логистикалық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Тараптар әріптестікті тереңдетуге өзара мүдделілік білдіріп, барлық қозғалған мәселелер бойынша техникалық консультацияларды жалғастыруға дайын екендерін растады.