Жаңалықтар
Мамырда ауа райы қандай болады?
Синоптиктер Қазақстанда мамырға ауа райы болжамын ұсынды. Мәліметке сәйкес, мамыр айына құбылмалы ауа райы, жылудың біркелкі емес ұлғаюы, ұзаққа созылған жылы ауа райынан кейін күннің салқындауы тән, деп хабарлайды basagro.kz.
Мамырдың бірінші онкүндігінде республиканың солтүстігінде орташа тәуліктік ауа температурасының +10 градусқа, Қазақстанның оңтүстік облыстарында мамырдың аяғында +20 градусқа дейін тұрақты ауысуы байқалады.
Орташа айлық ауа температурасы сәуірден мамырға дейін көтеріледі, бірақ бұл ұлғаю сәуірдегідей қарқынды болмайды. Көп жылдық мәліметтер бойынша сәуірден мамырға дейін Қазақстанның солтүстік жартысында және оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын мөлшері артып, солтүстік жартысында айына 21-52 миллиметрді, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстағы таулы аймақтарда 100-200 миллиметрді құрайды. Республиканың оңтүстік-батысында және оңтүстігіндегі шөлді аймақтарда жауын-шашын мөлшері 6-16 миллиметрге дейін төмендейді.
«Биыл мамырда республика аумағында циклондар мен антициклондардың ауысуымен ұзаққа созылатын ыстық күндер де, жаңбырлы және салқын күндер де сақталады», — деп болжады синоптиктер.
Оңтүстік және батыс циклондарымен байланысты атмосфералық ағымдардың жүруінен ауа райы құбылмалы болады, ұзаққа созылған жаңбыр, найзағай және екпінді жел ықтималдылығы артады, Қазақстанның оңтүстігі мен батысында бұршақ жауып, шаңды дауыл тұрады.
Айдың бірінші онкүндігінің бірінші жартысында елдің батысында, оңтүстік жартысында күн күркірейді, ал Қазақстанның шығысында мамырдың бірінші күндері жаңбыр соңы қарлы жауынға ұласуы мүмкін. Желдің екпіні 15-25 м/с дейін күшейеді.
Мамырдың басында республиканың басым бөлігінде, түнде елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында, сондай-ақ республиканың солтүстігінде және оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда ауа температурасы төмендеп, 1-8 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Алайда бірінші онкүндіктің ортасынан бастап Оңтүстік циклонның ығысуымен байланысты республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында температура аясы түнде -1-10 градустан +5+12 градусқа дейін біртіндеп көтеріледі, күндіз +5+13 градустан +22+30 градусқа дейін жоғарылайды.
Республиканың оңтүстігінде бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде +8+15 градустан +12+20 градусқа дейін, күндіз +27+33 градустан +20+25 градусқа дейін ауытқиды деп күтілуде;
Қазақстанның батысында түнде +15+22 градустан +8+13 градусқа дейін, күндіз +25+33 градустан +17+22 градусқа дейін ауытқуы ықтимал.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде +8+15 градустан 0,+5 градусқа дейін, күндіз +15+25 градустан +7+15 градусқа дейін төмендейді, онкүндік соңына қарай сынап бағанасы түнде +5+10 градус, күндіз +20+28 градусқа дейін көтеріледі;
Мамырдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның батысында, орталығында, оңтүстік жартысында, айдың үшінші онкүндігінде елдің солтүстігі мен шығысында Иран және Орталық Азия аудандарынан жылы ауа массаларының ығысуына байланысты жазғы ыстық ауа райы күтіледі, түнде ауа температурасы +15+20 градус, күндіз +25+33 градусқа дейін жылы болады.
Ресей аумағынан республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарына суық ауа массаларының ағынымен термометр түнде 0, +5 градусқа дейін төмендейді, ал кей күндері 1-6 градусқа дейін суық болуы мүмкін, жекелеген күндері күндіз +8+15 градусқа дейін, оңтүстік облыстарда және елдің батысында аптап ыстықтың төмендеуі күтіледі, ауа температурасы түнде +2+10 градусқа дейін, күндіз +15+22 градусқа дейін төмендейді.