Жаңалықтар

Нағыз кәсіби маман Людмила Балашова

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында адал еңбегімен ауыл шаруашылығы саласын көркейтуге, сол арқылы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандар туралы айту ерекше маңызды. Солардың бірі — Людмила Николаевна Балашова.

Людмила Николаевнаның еңбек жолы Қазақстанның өнеркәсіп және аграрлық саласында әйелдер рөлінің маңызын айқындауға жарқын үлгі бола алады.  Оның кәсіби жолының жетістігі  — табанды еңбекке, жоғары жауапкершілікке және үнемі жетілуге ұмтылысқа толы ұзақ жылдардың жемісі.

Қызмет жолы 1977 жылы Семей қаласындағы ет және сүт өнеркәсібі институтына оқуға түсуінен басталды. Білімге деген құштарлық, өндірістік үдерістерге қызығушылық және қоғамға пайдам тисе деген ынта оның болашақ тағдырын айқындады.

1992 жылы институтты сәтті аяқтағаннан кейін Людмила Николаевна шұжық өндіретін комбинатта таразышы қызметіне орналасты. Еңбекқорлығы, табандылығы және жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында ол өзін жауапты маман ретінде тез танытты.               Әр жылдары шебер, бас технолог және өндіріс басшысы қызметтерін атқарды.

Людмила Балашоваға зор сенім артылды. Ет өңдеудің заманауи тәсілдерін енгізуге белсене қатысып, өнім сапасына қатаң бақылау жүргізді және өндірістік үдерістерді жетілдіруге үлес қосты. Шеберлігінің арқасында өнім түрлерін кеңейтіп, өндіріс тиімділігін арттыруға белсене атсалысты.

Қазіргі таңда Людмила Николаевна «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Мол тәжірибесі, берік ұстанымы және стратегиялық ойлау қабілеті кәсіпорынның тұрақты дамуына елеулі ықпал етіп отыр.

Әріптестері оны білімді, талапшыл әрі әділ басшы, салмақты шешім қабылдай білетін және нәтижеге жауапкершілікпен қарайтын жетекші ретінде сыйлайды. Оның еңбек жолы амандыққа адалдықтың, үздіксіз кәсіби өсудің және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын үлгісі.

Көпжылдық адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Людмила Николаевна III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған.

Людмила Балашованың ұлағатты еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі болып, кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне адалдық әрдайым лайықты бағаланатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button