Отандық бренд — «жасыл» ауыл
Елімізде «Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен айтуға болатын объект пайда болды: бас қаламыз Астанадан 45 шақырым жерде республикадағы тұңғыш «жасыл» ауыл қалыптасты, деп хабарлайды BasAgro.kz порталы.
Айтқандай, табиғат қорғаушы, қуат сақтаушы, су үнемдеуші, өнімді арттырушы және басқа да жақсы қасиеттері бар «жасыл» технологиялар жаппай ендірілген бұл ауыл келер жылы «ЭКСПО — 2017» жаһандық көрмесінде отандық бренд ретінде шетелдік қонақтардың назарына ұсынылатын болды, деп жазады «Айқын».
Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Арнасай ауылы немесе «Арнасай жасыл алқабы» — үлгілі-модельді ауыл құру жобасы. Осында «жасыл» технологияларды тиімді пайдаланудың үздік тәжірибелері сыналып, Қазақстандағы барлық елді мекендерге таратылуда.
Осы ауылдағы 168 отбасы өз аулаларында жылыжай және шағын фермалар ашып, тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Нәтижесінде, олар тағы 110 жұмыс орнын ашыпты. Арнасайда сондай-ақ «жасыл» технологиялар арқасында жыл сайын 1,5 миллион теңге бюджет қаржысын үнемдеп отырған білім ордасы бар: Вячеслав орта мектебінде күн панельдері орнатылған, соның арқасында білім мекемесі жылына 10 мың киловатт электр қуатын күннен тегін алады. Мұнда отандық инноватор ойлап тапқан пиролиздік пештің орнатылуы нәтижесінде жыл сайын 384 000 теңге үнемделеді. Нақтырақ айтсақ, жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын Вячеслав мектебін қыс маусымында жылыту үшін 368 тонна көмір бөлінеді, ал мектеп болса, жоғары өнімділікті пиролездік пеш арқасында тек 121 тонна көмір жағады. Үнем — 247 тонна.
Білім ордасында күн коллекторы орнатылған екен, ол аспандағы «алып шамшырақтың» қызуымен күніне 250 литр суды қайнатып береді. Ғимарат толығымен дерлік жарықдиодты шамдармен жабдықталған: әр шамнан жыл бойғы үнем 1123 киловатты немесе 15 722 теңгені құрайтын көрінеді. Онда сондай-ақ тек қолды жақындатса ғана су ағызатын сенсорлық шүмек-крандар орнатылған, бұл жылына 361 литр суды үнемдейді. Арнасай ауылының шағын мектебі «жасыл» технологияларды кешенді қолданғанда, бюджетке түсер ауыртпалықты азайтуға болатынын дәлелдеді.
— Егер жылу, жарық және сумен жабдықтауда мектептер, әлеуметтік нысандар «жасыл» технологияларға көшсе, бұл бағыттардағы шығындарын 50, тіпті 70 пайызға дейін үнемдей алады. Республикадағы 7,5 мың мектептің әрқайсысы осындай тиімділікке қол жеткізсе, олар үнемделген қаншама миллиард қаржыны балаларды тамақтандыруға, қосымша білім беру бағдарламаларына және басқа да қажетті шараларға жұмсауға мүмкіндігі болар еді, — дейді «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова.
Арнасай ауылында «Жасыл технологиялардың халықтық академиясы» орналасқан. БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының қолдауымен, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Энергетика министрлігінің, G-Global халықаралық хатшылығының жәрдемдесуімен құрылған бұл білім тарату орталығында кәсіпкерлерді, фермерлерді, бюджеттік ұйым жұмысшыларын және жұмыссыздарды «жасыл» кәсіптерге және кәсіпорынның қуат тиімділігін арттыруға оқыту ісі ұйымдастырылған. Осы мақсатта орталық базасында күн биовегетариі, жерасты фитодиодты жылыжай, оқу аудиториясы, асхана және қонақүйлік бөлмелер орналасқан. Бір жыл уақыт ішінде 3 мың адам «жасыл» технологияларды практикалық пайдалануға үйретілген.
Көптеген инноваторлар мен «жасыл» компаниялар осында өздерінің өнертабыстарын тегін сынақтан өткізуде: академия аумағында орналасқан жылыжайларда 20-ға жуық технология ендіріліп, зерттеліп, еліміз бойынша жайылуда. Олардың арасында тамшылатып суару, күн коллекторлары, күн панельдері, биогумус, гелиосорғы, пиролиз пеші, ауаны рекуперациялау, инфрақызыл жылыту, гидрогель, агроталшық, ауаны иондау, СО2 қоректендіру, тұмантудырғыш және басқалары бар.
Атап айтқанда, қарағандылық өнертапқыш Александр Петров осында жоғары үнемділікті пиролиздік көмір пешінің мүмкіндіктерін паш еткеннен кейін көптеген бюджеттік ұйымдардан тапсырыс алыпты.
Мұнда «ЭКСПО — 2017» көрмесінде Қазақстанның «намысын қорғайтын» технологиялар да бар. Мәселен, академик А.Борисенко өзінің ауаны электр-магниттік тазалау қондырғысын патенттеген және оны Ехро — 2017 көрмесіндегі қазақстандық бас павильонда паш етуге ұлықсат ететін арнайы сертификатқа қол жеткізіпті. Расында, жылыжайда болғанымызда, бір танап ерекше көзге түсті: өзгелерге қарағанда, ондағы өсімдіктер жапырақтары жайқала өсіп, мол өнім беріп тұр. Оның сыры ауа тазалағышпен байланысты болып шықты. Биовегетарий мамандары тазартқыш жұмыс жасайтын жерде шығымдылықтың шынында жоғары екендігін растады.
Орталықта «Назарбаев университетінің» технопаркі мен отандық «KunTech» компаниясының су жылытуға арналған концентраторы бар күн коллекторы өмірге жолдама алды. Бұл қондырғы күн сайын тіпті, қысқы аязда да күн жарығын пайдаланып, 500 литрдей суды 120 градус температураға дейін қайната алады. Бұл құрылғы топырақ астындағы температураны 22 градусқа дейін жылытып, жылыжайдағы ауыл шаруашылығы дақылдарының қыста да өнім беруіне ықпал етуде.
Биовегетарийде (жылыжайда) отандық мобильді биогаз қондырғысы орнатылған. Оны ақтөбелік кәсіпкер әйел серіктестік негізде ұсынған көрінеді. Бизнесмен ханым шетелдік технологияны қолданып, 5-10 сиыры бар ұсақ фермерлік шаруашылықтарға арналған отандық шағын биогаз қондырғының өндірісін жолға қойған. Ол ауыл тұрғындарының да қажетіне жарайды: қорада мал ұстайтын бірнеше отбасы бірігіп, пайдаланса да болады. Жұмыс істеу қағидасы келесідей: биогаз қондырғысына бірден 2 тонна мал қиы жүктеледі, ол 2,5 тонна сумен араластырылады. Ары қарай бұл массадан биотыңайтқыш жасалады. Сонымен бірге, 15 киловаттқа дейін электр қуаты өндіріледі. Бұл қуат қыс бойы биовегетарийді жарықдиодтармен жарықтандыруға жетіп қалатын көрінеді.
Халықтық академияны ұйымдастырушылардың бірі, Вячеслав орта мектебінің директоры Татьяна Немцан осы бағыттағы тағы бір технология туралы айтып берді.
— Ауылдың үлкен проблемаларының бірі — малдың қиы екендігін құпия емес. Қыс бойы малын қорада ұстайтын ауылдықтар оның қиын сыртқа шығарып, үйеді де, «қоршаған ортаны ластағандары үшін» экологиялық алым, айыппұл төлеуге мәжбүр. Оның арты дауға, наразылыққа ұласып жатады. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Ол үшін малдың қиын тіпті, шетелге экспортқа шығаратын бағалы өнімге айналдыру қажет — дейді Т.Немцан.
Бұл өнім — биогумус деп аталады. Оны калифорниялық құрт («Старатель») қидан, органикалық қалдықтардан жасап береді.
«Біз бұл істі ауылдықтар, ауыл әкімдері назарға алса дейміз. Басқа қоқыстар араластырылмай, қи жеке жиналып, шіри бастауы үшін 2,5 айдай жатуы керек. Содан кейін оған осы құрттар жіберіледі. 2,5-3 ай ішінде бүкіл қи үйіндісі экологиялық таза өсімдіктер өсіруге қажетті, аса бағалы биогумусқа айналады. Калифорниялық құрттардың өнімділігі өте жоғары. Жалғыз ғана құртты жіберсе, ол бір ай ішінде өз ұрпағын 30 есе арттырады» деген Татьяна Немцан «жасыл» технологиялы бұл кәсіпкерлікпен айналысушы азаматтар табиғатты қорғауға үлес қосатынын айтады.
Сонымен бірге, бұл аса кірісті бизнес көрінеді: «Кәсіпкерлер бұдан 700 пайызға дейін таза табыс көреді. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Солтүстікқазақстандық ауыл кәсіпкері Андрей Стрелец осы биогумус арқылы жоғары сапалы картоп өсіріп, шағын ғана алқаптан көп өнім жинауда. Сондай-ақ, ол Біріккен Араб Әмірліктерімен келісім жасап, оларға отандық биогумусты экспорттауда. Мұндай үлгілер қазір Қазақстанда, атап айтқанда, Қарағанды, СҚО, Алматы облыстарында жетерлік және бүкіл еліміз бойынша ай сайын көбеюде. Осынау қызықты кәсіптің елімізде, әсіресе жастар арасында танымал бола бастауы қуантады» деді Т.Немцан.
Енді, бұл іске оқушылар да ықылас-ынта білдіре бастапты. Халықтық академияда 9-сынып оқушысы Айдос калифорниялық құрт көмегімен биогумус өндірісі бойынша жобасын жұрт назарына ұсынды. Жалпы, ол оқитын Вячеслав орта мектебінде тұтас көкөністер плантациясы отырғызылған екен.
Жылыжайда сондай-ақ қанықпаған полиэфирлік шайырлар негізіндегі гидрогель пайдаланылуда. Биовегетарий мамандарының түсіндіруінше, арнайы органикалық капсулалар түрінде болып келетін гидрогель өз салмағынан 30 есе көп суды сіңіреді. Осыдан кейін олар өсімдіктің тамырының қасына ендіріледі. Егер өсімдік су тапшылығын сезінсе, қажетті көлемдегі ылғалды солардан тартады.
«Жасыл» ауылдағы жылыжайларда тамшылатып суару сыртында тұмантудырушы (туманообразователь) пайдалынады. Бұл технология ұсақдисперсті режимде судан тұман тудырып, ылғалды, қолайлы микроклимат түзеді, өсімдік жапырақтарын сумен қоректендіреді.
Білім тарату орталығының өзі де «жасыл» технологияларды ендіру арқылы ғимаратты эксплуатациялау шығындарын төмендеткен. Оны осында орнатылған технологиялар жұмысын зерттеу және талдау қорытындысы көрсетіп отыр: жалпы алғанда, 1,2 миллион теңге үнемделіпті. Күн коллекторы арқасында академия өзін 100% ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жыл ішінде үнемделген электр қуатының көлемі 32 мың киловатты құрады. Толықтай алғанда, орталық «энергетикалық тиімділіктің А класына» ие. Су және ылғал сақтаушы технологиялар су шығынын 75%-ға азайтқан екен.
Қазақстанның алғашқы «жасыл» ауылының тәжірибесі бүгінде Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және басқа да өңірлерге тарауда. Елбасының қолдауымен және «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама аясында жасалып жатқан бұл қадамдар нәтижесінде қазақ ауылы да «артта қалушылық» ұғымынан ірге ажыратып, еліміздің әлемдік озық елдер қатарына қосылуына қуатты серпін бермек. Көркейген ауылдың көркем көріністері көңілді марқайтар кезең туып келеді.