Павлодар фермерлері бір жарым жылға жететін шөп шауып алды
Павлодар облысында 2 млн тоннаға жуық шөп дайындалды, деп жазады BasAgro.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл шамамен 1,5 жылға жетеді. Күздің жылы болып тұруы кейбір шаруашылықтар үшін шабындықтарға екі рет шалғы түсіруге мүмкіндік тудырған.
Ертіс-Баян өңіріндегі шабындықтардың жалпы аумағы 1,57 млн тектардан асады. Қазіргі уақытта аймақта 1,66 млн гектар жерден мал азығы шабылды. Бұл кейбір шабындықтарды екінші қайтара шабудың және шабындыққа тиімді жаңа алаңдардың пайда болуы есебінен мүмкін болып отыр.
— Биыл облыстағы қыстақтарға 405 мың мал кіреді деген болжам бар. Олардың бір жылдық азығы үшін шамамен 1,2 млн тонна шөп керек. Фермерлеріміз биыл бір жарым жылдық қор – 1,87 млн тонна шөп дайындады. Қыста мал иелері қиындық көрмеуі керек деп ойлаймыз,-дейді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Қазіргі уақытта шабылған мал азығы қыстақтарға тасылып жатыр. Шамамен 1,5 млн тонна шөп жеткізілген.