Павлодар облысы сүтті мал шаруашылығын табысты дамытуда

Павлодар облысында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында салынған ең ірі сүт-тауарлы фермаларға баспасөз туры өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Бұл іс-шара мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, заманға лайықты сүт-тауарлы фермаларды (СТФ) құрудың табысты үлгілерін насихаттауға бағытталған.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері өңірдегі бірқатар алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады. Солардың бірі мал және егін шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан «Кронос-Павлодар» компаниясы. Мұнда «Жол картасы» бағдарламасы аясында 1 893 мал басына арналған СТФ салу жобасы іске асырылған.
Бүгінгі күні алғашқы кезеңі пайдалануға берілді, ол 1 440 бас малды қамтиды. Кәсіпорынға қарасты 2 421 гектар жердің 848,5 гектары – суармалы алқаптар. Ферма заманауи сауу залдарымен, бұзауларға арналған қора-жайлармен және автоматтандырылған жемшөп беру жүйелерімен жабдықталған. Жемшөп дақылдарын суару үшін 10 ZIMMATIC жаңбырлатқыш машинасы қолданылады.
Одан кейін журналистер құны 5,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаның жүзеге асырып жатқан «Agro-Trade PV» кәсіпорнына барды. Мұнда 1 467 мал басына арналған СТФ жұмыс істейді, оның ішінде 1 127 сиыр голштин-фриз тұқымына жатады. Жылына 15,7 мың тонна сүт өндіріледі. 2 232 гектарды құрайтын жер қорының 1 634 гектары – суармалы жерлер. Ферма толықтай GRIMME, John Deere, KUHN, Valley сияқты әлемдік брендтік техникалармен жабдықталған.
Венгриядан 2023 жылы 204 бас асыл тұқымды мал әкелінген. Былтыр қазан айында қосымша 432 басқа арналған нысандардың құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау аясында: «Галицкое» серіктестігіне Словакиядан 349 бас симментал тұқымды ірі қара әкелінді, «Үштерек и К» серіктестігіне 900 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды, ал «Пахарь» серіктестігіне 355 бас ірі қара әкелінді.
Осындай нақты шаралардың нәтижесінде облыстағы сүт өндірісінің көлемі жылына 31,5 мың тоннаға артты. Ал, 2025–2026 жылдарға арналған маңызды жобалар қатарында: «БИК» ЖШС — 500 басқа арналған СТФ құрылысы салынуда (құны 2,2 млрд теңге), 6 сауу роботы жеткізілді, дайындық деңгейі – 90 пайыз.
Жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ «Andas Agro» ЖШС — келесі жылы 600 басқа арналған СТФ іске қосу жоспарланып, Германиядан асыл тұқымды мал сатып алу көзделіп отыр. «Бастаушы Агро» ЖШС — 2026 жылдың қаңтарында 600 басқа арналған СТФ құрылысын бастайды. Жоба құны – 3,8 млрд теңге (оның ішінде 640 млн – меншікті қаражат, 3,2 млрд – ӘКК арқылы 2,5% мөлшерлемемен алынған қарыз қаражат). Жылдық өндіріс көлемі – қосымша 4,2 мың тонна сүтті құрайды.
Биыл облыста сүтті мал шаруашылығын дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінді. Қаражат импорттық аналық мал сатып алуға, ұрық алуға және сүт өндіруге арналған субсидия түрінде беріледі.
Айта кетейік, Павлодар облысы сүтті мал шаруашылығында тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ірі қара 492,1 мың басқа жетсе, сүт өндірісінің көлемі – 179,6 мың тоннаны құрап, бір сиырдан орташа сауым – жылына 6 530 килограмға жетті. Облыста 17 заманауи СТФ жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауылдық аумақтарды дамытуға және елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратын болады.