«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасының жылдық 6%-бен жеңілдетілген лизинг бағдарламасының қайта басталғанын хабарлайды. Бұл шара техникалық паркті минималды қаржылық жүктемемен жаңартуға мүдделі шаруаларды қолдауға бағытталған деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Бағдарлама отандық өндірілген және құрастырылған өздігінен жүретін техниканы, атап айтқанда тракторлар мен комбайндарды тартымды шарттар бойынша: бастапқы жарнасыз және 10 жылға дейінгі мерзімге лизингке сатып алуды қарастырады.
«Фермерлер бұл бағдарламаның қайта іске қосылуын күтті. Бағдарламаның негізгі басымдықтары өзгерген жоқ: мөлшерлеме жылдық 6%, кепілдің қажеті жоқ және бірінші лизингтік төлем 0%-ға тең. Бұл дала төсінде тер төгетін шаруаларға нақты қолдау», — деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Қаржыландыру бір клиент үшін 205 миллион теңгеге дейінгі көлемде және 3 техника бірлігін сатып алуға ұсынылады.
«ҚазАгроҚаржы» бұл бағдарламаның қазіргі таңда әрекеттегі, көпке мәлім жылдық 5%-бен «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасынан айырмашылығын атап кетті. Ол бағдарлама қожалығының көлеміне қарамастан барлық шаруаға арналған. Мөлшерлеме төмен, бірақ мерзімінде шектеу бар – 7 жылға дейін, сондай-ақ 10%-дан басталатын жарнасы бар. Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін негізгі борышты төлеудің жеңілдетілген кезеңі берілген.
Ал 6%-бен лизинг бағдарламасы трактор мен комбайн секілді базалық техникаға мән беретін, ұзақ мерзімге жоспарлайтын және бастапқы шығындарсыз іс жүргізгісі келетін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге есептелген. Бұл ұсыныс әсіресе аванс пен кепіл беру мүмкіндіктері бола бермейтін, алайда егіс жұмыстарын жүргізу үшін заманауи техникаға мұқтаж ауқымды емес, орта қожалықтарға өзекті.
Бағдарламаға қатысу үшін https://t.me/kaz_agro_finance_bot тelegram-ботта өтінім беруге не «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік филиалдарына жүгінуге болады. Қосымша ақпарат компанияның www.kaf.kz ресми сайтында көрсетілген.