«Qazaq Arab Sugar» Қазақстанда қуаттылығы жылына 500 мың тонна қант шығаратын зауыт салады
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның қатысуымен «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
«Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнес-форум аясында тақырыптық сессиялар, сондай-ақ екі елдің бизнес өкілдері арасында B2B форматындағы кездесулер өтті.
«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумы шеңберінде экономика салаларын қамтитын 5 млрд АҚШ долларына жуық сомаға 9 коммерциялық келісімге қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Qazaq Arab Sugar» ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша келісімге қол қойылды.
Жоба жылына 500 мың тоннаға дейін қант өндіруді көздейді. Жалпы инвестиция көлемі 580 миллион АҚШ долларын құрайды.
800 жұмыс орны ашылады.