Жоғары сапалы қазақстандық бидай тиелген транзиттік контейнерлік пойыз Қытайдың Ляньюньган портына келіп жетті. Бұл – Вьетнамға арналған және “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” жіберген сегіз құрамның алғашқысы. Жеткізу мультимодальды бағыт бойынша жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Теміржол құрамы жалпы салмағы 1,7 мың тоннаны құрайтын 62 контейнерден құралған. Контейнерлер теңіз кемелеріне қайта тиелгеннен кейін, бидай Вьетнамның Хайфон портына жеткізіледі.
Қазақстандық астықтың Вьетнамға сәтті жөнелтілгені туралы Қытайдың орталық телеарнасында және Қытай халықаралық тележелісінде арнайы сюжеттер көрсетілді.
Қытайлық БАҚ атап өткендей, Ляньюньган портындағы логистикалық база «бір контейнер – бір сервис» қағидасымен жұмыс істейді. Бұл модель бойынша жүктің бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін қайта тиеусіз бір контейнерде жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Осы технологияның арқасында теміржолдан теңіз портына өту уақыты небәрі бір сағатқа созылды. Сонымен қатар, қазақстандық бидай барлық рәсімдер жедел түрде жүргізілетін «жасыл дәліз» арқылы жеткізілді.
– «Бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін бір контейнерде жеткізу» форматы Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған қазақстандық экспортқа сапалы әрі тиімді құрлықтық-теңіздік интермодальды қызмет көрсетуді қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, біздің логистикалық базамыз кеден, порт, теміржол және басқа да ведомстволардың қолдауына ие болды. Соның нәтижесінде порттағы жүктің рәсімделу тиімділігі 70%-ға артты, – деп келтіреді БАҚ Ляньюньган қаласындағы Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасының бас директоры Гэ Хэнсюэнің сөзін.
Айта кетейік, алғашқы бидай партиясы Ақмола облысындағы астық қабылдау кәсіпорындарында дайындалған. Жалпы, Вьетнамға шамамен 15 мың тонна азықтық бидай жөнелтіледі деп жоспарлануда.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жүнішевтің айтуынша, жаңа логистикалық бағыттар қазақстандық аграршылар үшін алыс шетел нарықтарына шығуға жол ашып отыр.
– Қытайлық әріптестермен бірлесіп құрылған инфрақұрылым бүгінде нақты нәтижесін көрсетуде – бұл тұрақты және жедел жеткізілім. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам, – деді корпорация басшысы.
Жыл басынан бері “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” экспортқа 196 мың тонна астық жөнелтті. Ең ірі партиялар Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Иран нарықтарына жіберілді.