Осындай атаумен Алматыда халықаралық форум өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Бұл шараның мақсаты – 2027–2030 жылдар аралығында Қазақстанның ғылыми және технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындау, сондай-ақ Академия жүргізген форсайт-зерттеулерінің нәтижелерін ұсыну болды. Шараның ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы.
Форум жұмысына ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Ресей ғылым академиясының делегациясы, Оңтүстік Кореяның жетекші ғалымдары, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академиктері, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, ірі қазақстандық және халықаралық технологиялық ұйымдардың жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.
Форумда ақпараттық және ғарыштық технологиялар, биомедицина және денсаулық сақтау, экология және тұрақты даму сияқты маңызды бағыттар талқыланды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев форсайт-зерттеулерінің ғылым мен технологияларды дамытудың басым бағыттарын айқындаудағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Біз 30 форсайт-сессиясын өткізіп, 1100-ден астам сұхбат жүргіздік, бұл 200-ден астам перспективалық ғылыми міндеттерді анықтауға мүмкіндік берді», – деді ол. Сонымен қатар, ол аймақтық форсайт-орталықтарын құруға ерекше назар аударылғанын, олардың алғашқысы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында ашылғанын жеткізді. Келесі жылы тағы жеті осындай орталық ашу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов аграрлық ғылымның АӨК дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, ғылым мен өндіріс арасындағы тығыз өзара әрекеттестіктің қажеттілігін айтты. Ол ғылыми-білім беру саласындағы реформалар, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруды жүзеге асыру және селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді шаралар туралы баяндап, форум қатысушыларының бірлескен жұмысының нәтижелі боларына сенім білдірді.
Форум барысында Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен, сондай-ақ Ресей ғылым академиясымен IT, АӨК, ТМК, медицина және басқа бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Форум отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегияларын қалыптастыру және қазіргі заманғы технологиялық дәуірдің өзекті сын-қатерлерін талқылау үшін маңызды алаңға айналды.