Қазақстан мен Ауғанстан АӨК саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Мәскеуге жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ауғанстанның ауыл шаруашылығы, ирригация және мал шаруашылығы министрі Мавлави Атаулла Омари мырзамен жұмыс кездесуін өткізді.
Келіссөздер барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру болашағы талқыланды.
Атап өтілгендей, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 269 млн АҚШ долларын құрады, оның 252,8 млн доллары Қазақстан экспортына тиесілі.
Экспорт бағытында ұн, бидай, өсімдік майы, көкөністер мен бұршақ дақылдары, зығыр тұқымы, күріш және Ауғанстан нарығында тұрақты сұранысқа ие басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жетекші орын алады.
Айдарбек Сапаров өз кезегінде әріптестікті одан әрі нығайтуға, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге және ауыл шаруашылығын дамыту саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
Ал Ауғанстан тарапы Қазақстаннан азық-түлік тауарларын жеткізуді ұлғайтуға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қызығушылық білдірді.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды күшейту және аграрлық саладағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.



