Қазақстан мен Франция агроөнеркәсіп кешені саласындағы әріптестікті нығайтуды жалғастыруда
“Astana 2025” халықаралық форумы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі жанындағы министр-делегаты Лоран Сен-Мартенмен екіжақты кездесу өткізді. Ол шетелдегі француз бизнесін қолдау және сыртқы сауда мәселелеріне жетекшілік етеді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Кездесуге Lactalis, Bonduelle, Lidea, Richel Group және басқа да Францияның жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының өкілдері қатысты. Бұл компаниялар Қазақстанда инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға қызығушылық танытып отыр.
– Сіздің сапарыңыз – Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестікті, әсіресе еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызды аграрлық салада, одан әрі тереңдетуге жасалған маңызды қадам. Қазақстан агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыруға, тұрақтылығын қамтамасыз етуге және цифрландыруға баса назар аударып отыр. Франция – әлемдегі жетекші ауыл шаруашылығы державаларының бірі ретінде осы өзгерістерде басты серіктес бола алады. Біз жаңа жобаларға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және қазақстандық және француз фермерлеріне, кәсіпкерлері мен ғылыми қауымдастықтарына пайдалы бастамаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Лоран Сен-Мартен француз бизнесінің Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын атап өтіп, форумға экономиканың түрлі салаларын қамтитын 40-тан астам француз компаниясының басшысы келгенін хабарлады.
– Халықаралық форум аясында біз ынтымақтастықтың барлық секторларындағы мүмкін бағыттарды талқыладық. Басым бағыттардың бірі – агроөнеркәсіп кешені, оның ішінде өсімдік және мал шаруашылығындағы генетика мәселелері. Бұл Қазақстан үшін де, Франция үшін де маңызды. Бірқатар келісімдерге қол жеткізілді: “Мал шаруашылығы Саммиті” компаниясы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен (НАНОЦ) бірлесіп, полимәдениет пен мал шаруашылығы саласында пилоттық жобаны жүзеге асырады. Бүгін сіздің ведомствоңызбен Danone компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Қазақстанның сүт саласын дамытудағы маңызды қадам болды.
Bonduelle мен Richel Group компаниялары да өз қатысуын кеңейтуге мүдделі. Біз барлық жобалардың сәтті іске асырылуына қолдау болатынына үміттенеміз, – деді Лоран Сен-Мартен.
Француз компаниялары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Lactalis компаниясы 2005 жылдан бастап ел экономикасына 45 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салып, 1700-ден астам жұмыс орнын құрды. Richel Group Қазақстанда 15 жылдан бері жылыжай өндірісін дамытып келеді және қазақстандық серіктесі Alatau Green Production компаниясымен бірге Алматы қаласында құны шамамен 12 млн еуро болатын жаңа жобаны іске асыруды жоспарлауда.
Lidea компаниясы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен аграрлық ғылым мен тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Bonduelle Қазақстанда консервіленген және мұздатылған көкөністер өндірісін жергілікті жерде ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл өнімдер Орталық Азия, Қытай және Таяу Шығыс елдеріне экспортталатын болады.
Министр агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық ынталандыруды қоса алғанда, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Келешегі бар бағыттардың қатарында: тері мен жүнді өңдеу, астық, қант қызылшасы, жеміс-жидек пен көкөністерді, ет пен сүтті терең өңдеу, сондай-ақ балалар тағамын өндіру бар.
– АӨК саласындағы жобаларды жүзеге асыруда – өндірісті жергілікті жерден бастап экспортқа дейін – барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.