
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Бейжіңде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің X кеңесіне қатысты.
Ол 2024 жылы Қазақстанның агроөнімдер бойынша сыртқы сауда айналымының 69%-ы ШЫҰ елдеріне тиесілі болғанын атап өтті. Бұл өзара байланыстың жоғары деңгейін және болашақта ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің әлеуетін көрсетеді.
«Біз агроөнеркәсіп секторын бәсекелестік емес, стратегиялық серіктестік кеңістігі ретінде қарастырамыз. Қазақстан сенімге, үйлестіруге және өзара толықтыруға негізделген бірыңғай аграрлық кеңістік қалыптастыруға белсенді үлес қосуға дайын», – деді Ермек Кенжеханұлы, өңірлік серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды таныстыра отырып.
Атап айтқанда, климаттың өзгеруі, өндірістік шығындардың артуы, топырақ пен су ресурстарының тозуы сынды жаһандық сын-қатерлер жағдайында ауыл шаруашылығы ШЫҰ кеңістігінде орнықты даму мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші салаға айналып отырғаны атап өтілді.
Осыған байланысты ШЫҰ аясында электрондық сертификаттау, логистиканы бақылау және өнімнің шығу тегін қадағалау тетіктерін қамтитын бірыңғай цифрлық аграрлық сауда платформасын құру ұсынылды.
Сондай-ақ селекция, тұқым шаруашылығы және аграрлық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы ғылыми ынтымақтастықты жандандыру маңызды бағыт ретінде аталды. Бұл мақсатта үйлестіру орталығын құру, бірлескен зерттеулер жүргізу және ортақ білім беру бағдарламаларын іске асыру ұсынылды.
Қазақстандық тараптың пікірінше, техникалық регламенттер мен фитосанитарлық стандарттарды үйлестіру өзара сауданы кеңейту және тарифтік емес кедергілерді жою үшін маңызды шарт болып табылады.
Кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің X отырысының Хаттамасы қабылданды. Құжатта аграрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге елдердің дайындығы ресми түрде бекітілді.