Қазақстан ШЫҰ елдерінің фитосанитариялық қызметтері басшыларының екінші кеңесіне қатысты

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің Өсімдіктер карантині және қорғау жөніндегі ұлттық ұйымы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің фитосанитариялық ведомстволары басшыларының Қытай Халық Республикасында өткен екінші кеңесіне қатысты, деп хабарлайды BasAgro.kz.
ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі — азық-түлік және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл салада мүше мемлекеттерден карантиндік организмдерді бақылау және өсімдіктерді қорғаудың ғылыми негізделген әдістерімен алмасу бойынша үйлестірілген күш-жігер талап етіледі.
Кеңес барысында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков ҚХР Бас кеден басқармасы төрағасының орынбасары Чжао Чжэньляньмен кездесу өткізді. Тараптар Қытайға экспортталатын қазақстандық өнімдер номенклатурасын кеңейту, зиянды организмдерге қарсы ғылыми негізделген әдістерді енгізу, фитосанитариялық тәуекелдерді басқару және цифрлық шешімдерді дамыту салаларында ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу барысында қазақстандық шие, күріш, мақта тұқымдары және бақша дақылдарын Қытайға жеткізу жөніндегі хаттамаларды келісу үдерісін жеделдетуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар ҚХР-ның «ақылды порт» Тяньцзинь сынды цифрлық платформаларының жұмысымен танысу үшін мамандар арасында тәжірибе алмасып, оны кейіннен Қазақстанның ұлттық фитосанитариялық бақылау жүйесіне енгізуге уағдаласты.
Сәкен Қаныбеков Өзбекстан мен Қырғызстанның фитосанитариялық қызметтерінің басшыларымен де екіжақты кездесулер өткізді. Бұл кездесулер нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің фитосанитариялық ведомстволары басшыларының екінші кеңесіне қатысуы – өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ілгерілетудің және ШЫҰ кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін арттырудың маңызды қадамы болды.