
Өңірлерде балық өсіру және балық өнімдерін өңдеу саласы қарқынды дамып келеді.
2021–2024 жылдар аралығында балық өсіру мен өңдеуге бағытталған 87 жоба қолға алынды. Олардың жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайды. Іске қосылған нысандардың жылдық қуаты 20 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде балық өнімдеріне сырттан әкелінетін тәуелділікті 15 пайызға азайды.
Былтыр жылына 1,2 мың тоннадан астам балық өндіретін тағы 8 жоба пайдалануға берілді.
Соның бірі – Маңғыстау облысында теңіз торларында балық өсіретін шаруашылықтың іске қосылуы. Ауқымды жоба Орталық Азияда алғаш рет Каспий теңізінде жүзеге асырылды. Жобаны «Organic Fish» компаниясы норвегиялық технологиямен іске асырды. Жалпы құны 12 миллиард теңге, ал жылдық өндірістік қуаты 5 мың тонна албырт тұқымдасбалық өндіруге мүмкіндік береді.
Өткен жылдың қараша–желтоқсан айларында теңіз торларына салмағы 200 грамм болатын албырт тұқымдас балықтардың шабақтары жіберілді. Жоба қазіргі уақытта тәжірибелік кезеңге өтті.
Сондай-ақ 2030 жылға дейін жоспар бойынша құны 54 миллиард теңге болатын 40 жоба қолға алынуда. Болашақта бұл жобалар балық өсіру көлемін 14,4 мың тоннаға дейін, балықты өңдеу көлемін 10 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылына 6,8 мың тоннаға дейін балық жемін өндіру көзделген.
Саланы одан әрі дамыту және балық өсіру қарқынын тұрақты сақтау үшін арнайы балық жемі қажет. Осыған байланысты Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарында мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, балық жемін өндіретін заманауи зауыттар салу мәселесі қарастырылуда.
Осы орайда мемлекет тарапынан қаржы салымдарының бір бөлігін өтеу және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға жеңілдетілген несие беру шаралары қамтылған.



