Қазақстанда егіс алқаптары ұлғаяды
Көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде диқандар 832,9 мың га жерге егін екіп үлгерді, деп хабарлайды basagro.kz.
Басым бөлігі дәнді, жемшөп және майлы дақылдар. Жалпы, бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жерге егін егу жоспарланып отыр. Биыл дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егістік алқаптары ұлғаяды. Жаппай егу науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталады.
Еске салайық, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге қарастырылған, оған кемінде 3200 шаруаны қамту, шамамен 2 млн га алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта 150,8 млрд теңгеге 4169 өтінім келіп түсті. Өнімді форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады, оған 20 млрд теңге қарастырылған. Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын іске асыру және кейіннен қаржыландыру үшін ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық несие беруге тағы 35 млрд теңге бөледі.