Жаңалықтар
Trending

Қазақстанда негізгі 24 азық-түлік тауарлары бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80-100%-ды құрайды

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» атты парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Министрлік негізгі азық-түлік тауарларының, оның ішінде 19 әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде.

2023 жылдың қорытындысы 10 тауарлық позиция бойынша ішкі нарық 100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Олардың қатарына бидай ұны, тұз, нан, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, картоп, қой еті, сиыр еті және сәбіз кіреді.

14 азық-түлік тауарлары бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары. Бұл тауарларға тауық жұмыртқасы, қияр, жылқы еті, қызанақ, сүт, қарақұмық жармасы, қырыққабат, бұрыш, шошқа еті, пияз, асханалық қызылша, ашытылған сүт өнімдері, сары май және алма жатады.

Алайда, 5 азық-түлік тауары бойынша импортқа тәуелділік байқалады. Атап айтқанда, бұл құс еті, шұжық өнімдері, балық, ірімшік пен сүзбе, сондай-ақ қант.

Аталған тауарлар бойынша министрлік өндіріс көлемін ұлғайту және импортты алмастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту міндеті инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы шешілмек.

2027 жылға дейін жалпы сомасы 2,3 трлн теңгені құрайтын 780 инвестициялық жобаны, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 855 млрд теңгеге 170 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, ішкі нарықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 69 сүт-тауарлы ферма қаржыландырылды.

«Соңғы 10 жылда сүт саласына 78,5 млрд теңге инвестиция тартылса, тек соңғы жылы бұл салаға 100 млрд теңге жеке инвестиция құйылды. Инвестицияларды ынталандыру мақсатында СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында несиелендіру бағыттарының саны 13-ке дейін көбейтілді. 2025 жылға осы мақсаттарға 200 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, инвестициялық мақсаттарға ұзақ мерзімді қаржыландыруды тікелей субсидиялау және коммерциялық банктердің қаражатын ауыл шаруашылығының барлық салаларына тарту қарастырылған», – деп қабылданып жатқан шаралар туралы Айдарбек Сапаров атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button