Астанада Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл кәсіби мереке 2024 жылы мемлекеттік деңгейде бекітіліп, ветеринариялық қызметтің қоғамдық денсаулықты сақтау, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамытудағы маңызды рөлін атап көрсету мақсатында белгіленген.
Бүгінде Қазақстанның ветеринариялық қызметінде 15 мыңға жуық білікті маман еңбек етуде. Олардың әрқайсысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және ауылдық аумақтардың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ветеринариялық қызметтің ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Ветеринария саласында жұмыс істеу – жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және іске деген адалдықты талап етеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жануарлардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Бекер айтылмаған: дәрігер адамды емдесе, ветеринар – адамзатты емдейді. Бұл сөздер мамандықтарыңыздың маңызын айқын көрсетеді.
Мемлекет басшысы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет инфрақұрылымды нығайту, ең заманауи жабдықтар сатып алу, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Қысқа мерзім ішінде мамандардың еңбекақысы екі рет көтерілді. Барлық қабылданған шаралар жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған», – деді министр.
Іс-шара аясында мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды: 5 адам ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталса, 14 маманға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, 3 сала ардагеріне «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Жалпы, өңірлерде 160 қызметкер мен ардагердің еңбегі еленді.
Өңірлік ветеринариялық бөлімшелерге қызметтік автокөліктердің кілттері табыс етілді – барлығы 93 бірлік арнайы техника берілді.
Іс-шара қатысушылары республикалық ветеринариялық зертхананың жұмысымен де танысты.