Қазақстандағы жоспарланған аумақтардың 66%-ы шегірткеге қарсы өңделді
Ақтөбе және Қостанай облыстарында мониторинг нәтижесі бойынша алқаптарда шегірткеге қарсы қосымша өңдеу жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының шегіртке ұшып өтуі тіркелген Алға ауданында жоспарланған 41 570 гектардың 39 570 гектары өңделді. Есебі экономикалық зияндылық шегінен жоғары жаңа үйірі табылған жағдайда жедел өңдеу жүргізіледі. Жалпы өңірлерде препарат қоры жеткілікті, техника дайын, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Сенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Республикалық жедел штаб отырысында шегірткелерге қарсы күрес бойынша ағымдағы жағдай қаралды.
Шекаралас аумақтардағы жағдайға ерекше назар аударылды. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында РФ шекарасы бойында 104 км алаңда химиялық өңдеу жүргізілді, барлығы 219 км шекара аймағының 195 шақырымын өңдеу жоспарланған. Ресей тарапының деректері бойынша Орынбор облысында 22 мың га, ҚР шекарасы бойында 10 км өңделген.
Еске сала кетейік, РФ Орынбор облысынан шегірткенің ұшып келуінің анықталуына байланысты Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанай және Ақтөбе облыстарының шекаралас аумақтарын тексерді. Сондай-ақ ол Орынбор облысының ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Жанар Құрманбаевпен бірлескен іс-қимылдарды келісу үшін кездесу өткізді.
Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер шөптің қалың өскен жерлері көп Павлодар, Қарағанды және Абай облыстары әкімдіктеріне шегірткелердің таралуына бақылауды күшейтуді тапсырды.