Қазақстандық ет Иранға экспортталатын болады
Астанада Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысы өтті, деп хабарлайды basagro.kz.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен ИИР ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджадтың төрағалығымен өткен іс-шараға үкіметтік топ, қаржы секторы және бизнес өкілдері қатысты.
Отырыста тараптар мемлекетаралық қарым-қатынастардың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара саудада оң өзгерістер байқалады. 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иранның сыртқы тауар айналымы $500 млн-ға жетті. Бұл ретте экспорт импорттан басым болып, $307 млн-ды, импорт – $186,1 млн-ды құрады.
Өз сөзінде Серік Жұманғарин екі елдің тауар нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты кеңейту және нығайту бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл елдер арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру мақсатына қол жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
ҚР Президентінің 2022 жылғы маусымда Иранға жасаған сапары аясында Тегеранда өткен инвестициялық форумның қорытындысы бойынша алғашқы нәтижелер анықталды. Атап айтқанда, Иранның Iranian Babak Copper Company (MIDHCO) және Dana Investment ірі компанияларының екі жобасы пысықталуда.
Бұдан басқа, қазақстандық компаниялар Иран нарығына өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының үздіксіз экспортын жолға қоюға мүдделі.
Вице-премьердің айтуынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Иранда «кері» сауда-экономикалық миссиялар өткізу ұсынылып отыр. Іскерлік кездесулер мүдделі компаниялар арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді байланыс орнатуға ықпал етеді.
«Біз Иранды дамыған сауда-логистикалық инфрақұрылымның арқасында Африка мен Таяу Шығыс елдеріне экспортты ұлғайтуға мүмкіндік беретін сауда хабы ретінде қарастырамыз. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл шамамен $600 млн», — деді отырыста Серік Жұманғарин.
Экспорттаушы компанияларды қолдау ретінде ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыруда. Ол халықаралық нарықтарға шығу үшін экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды даярлауды және сүйемелдеуді көздейді. Биыл Иран қазақстандық тауарларды экспорттауға арналған мақсатты нарықтар тізіміне енгізілді.
Бүгінде Қазақстан экспортталатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайтуға және ассортиментін кеңейтуге дайын. Дәнді және майлы дақылдарды дәстүрлі жеткізуден басқа, Қазақстан сиыр мен қой етін Иран нарығына экспорттауға мүдделі. Өз кезегінде елімізде ирандық жеміске, көкөніске, сондай-ақ жаңғақ, пісте, құрма және басқа да азық-түлік тауарларына сұраныс бар.
Қазақстан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және Иранға жөнелту үшін аумақтық, технологиялық және логистикалық мүмкіндіктерге ие. Осыған байланысты Серік Жұманғарин ирандық кәсіпкерлерді еліміздегі азық-түлік өндірісіне инвестиция салуға шақырды. АӨК саласындағы бірлескен жобалар өзара тиімді және екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз тарапынан ИИР ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджад ирандық кәсіпорындардың Қазақстанға балық, сүт өнімдері, бал, көкөніс пен шөп, кептірілген жеміс, жеміс пен азық-түлік, химиялық және химиялық емес пестицидтер экспортын дамытуға дайын екендігін мәлімдеді.
Сондай-ақ Иран делегациясының басшысы Иранның Ұлттық Даму Қорының Қазақстанға тікелей инвестицияларды жүзеге асыру және Иран консорциумын (Иран компаниялары альянсы) құру, сондай-ақ әртүрлі электр станциялары, айлақтар мен порттар, тоннельдер мен автомобиль жолдары сияқты инженерлік-техникалық және инфрақұрылымдық қызметтер саласындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы энергетика, мұнай, газ, мұнай өнімдері, ғылымды қажет ететін жобалар, мұнай-газ өнеркәсібі саласында өтелімділігі жоғары жобаларға қатысу жоспарлары туралы хабарлады.
Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар көлік-логистикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуді, атап айтқанда, Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс және ТРАСЕКА халықаралық көлік дәліздерін дамытуды талқылады. Бұл бағыттағы негізгі буын Каспий торабы болуы мүмкін.
Қазақстандық тарап Иранның қазақстандық тауарларды Түркияға теміржолмен тасымалдау үшін жеңілдікті тарифтер беру мәселесін көтерді. Вице-премьердің айтуынша, бұл Түркия бағытындағы трансирандық маршруттың дамуына серпін береді.
«Рази-Капыкей өткізу пункті арқылы Түркияға транзиттік жүк үшін тарифті жеңілдетуді пысықтаған жөн. Түркияның Рази бақылау-өткізу бекетіндегі теміржол инфрақұрылымының жылына 2 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқары бар. Қазіргі таңда түрік бағыты бойынша ауыстырып тиеудің жылдық көлемі 800 мың тоннадан аспайды», — деді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Үкіметаралық комиссияның 18 отырысының қорытындысы бойынша тараптар Парсы шығанағы, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерінде сауданы ілгерілету үшін сауда және ауыл шаруашылығы саласында бірлескен компания құруды пысықтауға келісті. Сондай-ақ ҚР және ИИР Үкіметтері арасындағы кірістер мен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуға жол бермеу және одан жалтарудың алдын алу туралы келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде сараптамалық келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар Астана мен Тегеран тау-кен өндіру секторында ынтымақтастық орнатуға, еркін сауда аймақтары және Иран мен Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ниет білдірді.
Пленарлық отырыс аяқталған соң Серік Жұманғарин мен Сейед Джавад Садати Неджад Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі 18-ші бірлескен үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойды.